|
12.02.2018 | 20:35
3056

Қаламын қаруға алмастырған тілшілер әскери сынақтан өтті

Қаламын қаруға алмастырған тілшілер әскери сынақтан өтті

Қазақстандық журналистер қақтығыс кезінде әскерилермен бірлесе қимыл жасауға дайын емес.  Түрлі  ақпарат саласында қалам тербеген тілшілер полигонға жиналып, бұл жолы сарбаздарды емес, өздерін сынатқызды. Қаламын уақытша қаруға ауыстырған қырыққа жуық журналистердің тыңдағы бір күндік тіршілігін көрген командирлер бірде бір норматив орындалған жоқ, дейді.

Қоғамның кемшілігін сынап, кереметін көпке бірінші болып жеткізетін тілшілер қауымын таң қараңғысынан тиеп алып кеткен  командирлер  істі көп түсіндіріп  жатпай-ақ, БАҚ өкілдерін улы газ бен атыстың арасына тастап жіберді. Әр іске сырттан бақылап, сын айтқанды жақсы көретін тілшілерге 14 түрлі әскери сынақ тапсырылды.  

«Улы газ нерв жүйесін зақымдап, тыныс алуды тоқтатады. Ойлау, есту жағын зақымдаудан бөлек, киімнен өтіп теріге тисе у адамның денесіне сіңіп кетеді. Менің бақылау міндетіме байланысты бірде бір тілші осы қауіпке қарсы тұратын киімді дұрыс кие алған жоқ», - деді  Құрлық әскерлерінің әскери институты Радиациялық химиялық биологиялық қызметінің басшысы Рамин ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Әскери тапсырма бойынша 3-8 секунд емес, бірнеше минуттап тұрса  да қате кигендіктен будақтаған қою түтінге қақалып, құлап қала жаздаған тілшілер алғашқы сынақтан-ақ сүрінді. Ту тікенге дейінгі граната лақтыру, еңбектей келе ентелеген жаумен айқасуы алаңынан аман шықпасын білген журналистерге амалсыз курсанттар көмекке келді.

Қаламын уақытша қаруға ауыстырған БАҚ өкілдерінің келесі бәсекесі автоматпен нысана дәлдеу. Осындағы әрбір тілшіге отыз оқтан берілген. Олар осы жерден 300-400 метр қашықтықтағы  нысананы ары кеткенде екі минуттың ішінде атып түсірулері тиіс.

Көз ұшында қылтиған 5 нысанның әрқайсысы 20 секунттан соң автоматты түрде жоғалып кетеді. Мергендік  мөлшерін  анықтау кезінде де журналистердің тең жартысы  отыз оқты айдалаға атып, қаруын құшақтап қарап қалды. Қақтығыс бола қалса құрлық әскерлерімен бірге қимылдап, ақпарат алудың қиын екенін тілшілер түйсігімен түсінді.  

«Бұндай  жұмыс ақпарат өкілдері үшінде, біз үшінде тиімді. Осындай жарыстар арқылы әскерилердің дайындығын  білуге болады. Өздерінің де мүмкіндігін көреді», - деді Құрлық  әскерлері әскери институты бастығының тәрбие және әлеуметтік  идеология жөніндегі орынбасары  Ораз КҮШІКОВ.  

Біздегі әскери журналистика сарбаздардың қоғамдық рөлін бұқараға насихаттап, олардың көзқарасын, саяси пікірін, әскерилердің әлеуметтік рөлін қалыптастыруға әсер етумен ғана  шектеліп келеді. Бірақ әскери техниканы терең танып, шиеленістерді ширата тарқататын, тартыс алаңыңда қаламмен қаруды қатар ұстау тұстары тұралап тұр. Құрлық әскери институтының басшылары тілшілердің төзімділігін сынаққа жиі салу арқылы осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир