Алматы қазынасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 38 млрд теңгеге толыққан

Алматы қазынасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 38 млрд теңгеге толыққан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы - ел экономикасының драйвері. Елбасының Қазақстан Халқына жолдауында көрсетілген 5 басым бағыт қаланы жаңаша дамытуға тың серпін берді. Оған дәлел арнайы құрылған Индустриалды аймақ. Онда қазір жоғары технологиялы өнім шығаратын 33 жоба жүзеге асуда. Оның 18-і экспортқа бағытталған. Мұның барлығы кәсіпкерлікті қолдау аясында іске асып жатыр. «Даму» қорымен бірлесіп қаланың тамақ өнеркәсібі, инновация және туризм салаларын қаржыландыруға 8 миллиард теңге бөлінді. Осындай қолдаудың арқасында Қазақстан «Дуинг Бизнес» рейтінгісінде 16 позицияға жоғарылады. Одан өзге, Алматы инвестиция тартуға да қолайлы қала. 2016 жылы мемлекеттік қолдау көлемі 30 пайызға қысқарды. Жеке қаржының 25 пайызға өсу есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция 4,8 пайызға артқан.

«Өздеріңіз білетіндей, Алматы ел экономикасының бесінші бөлігін құрайды. Банктердің кредиттік портфелінің 60 пайызын құраса, көтерме және бөлшек сауданың 40 пайызын еншіледі. Осының арқасында ел ішіндегі тауар айналымының 20 пайызын Алматы қаласы қамтамасыз етіп отыр. Дамыған қалалармен терезесі тең Алматыда шикізаттық емес экономика қалыптасты. Сауда мен қызмет түрлерінің үлесі 80 пайыздан жоғары. Бұл қала экономикасының икемділігі мен тұрақтылығына септігін тигізуде. Әлемдік дағдарысқа қарамастан өткен жылы Алматы экономикасы 2 пайызға өсті»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Алматы әкімі халыққа есеп беру барысында жекешелендіруге де тоқталып өтті. 2016 жылы 2 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын 18 мекеме жекешелендірілсе, 2017-2018 жылдары 30 мекеме осы тізімге енеді деп жоспарлануда. Өткен жылы Республикалық бюджет түсімі 1 триллион 254 миллиард теңгені құрады. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Ал қала қазынасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 38 миллиард теңгеге толыққан. Қала қазынасынан 2016 жылы 123 миллиард теңге үнемделген. Оның ішінде 60 миллиард теңге жол айрықтарын, Универсиада мен құрылыс нысандарын оңтайландыру есебінен үнемделді. 60 миллиард теңгеге жуық қаржыны құрайтын әлеуметтік нысандар құрылысын жеке кәсіпкерлер салып берсе, 6 миллиард 500 миллион теңге мемлекеттік сатып алулар бойынша үнемделіпті.

Новости партнеров