Алматы облысындағы «Қайнар» зауыты өндіріс көлемін ұлғайтты

Алматы облысындағы «Қайнар» зауыты өндіріс көлемін ұлғайтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы «Қайнар» зауыты өндіріс көлемін ұлғайтты. Кәсіпорын енді жылына 3 миллион аккумулятор шығаруға қауқарлы. Өнеркәсіптің жандануына соңғы үлгідегі инновациялық технологиялар түрткі болыпты. Зауыт озық құрылғылармен жабдықталған.

Отандық нарықта 1975 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Қайнар» зауытында бүгінде 800 мыңнан астам адам білек сыбана жұмыс істейді. Олар тәулігіне 10 мың дана аккумулятор шығарады. Батареялардың бөлшектерін құюдан бастап, дайын өнімді құрастыруға дейін барлық өндірістік цикл зауыттың өзінде жасалады. Дайын өнімдер жеңіл және жүк көліктеріне, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қажетті, әрі әскери техникаларда қолданылады. Бүгінде кәсіпорында аккумулятор батареяларының 73 түрінен астамы өндіріледі.

«Қорғаныс министрлігі үшін арнайы аккумуляторлар шығара бастадық. Сондай-ақ еуропалық, азиялық үлгідегі әртүрлі өлшемдегі батареяларды да өндірудеміз. Зауыт алғаш құрылғанда шикізатын, бөлшектерін басқа жақтан алып келетінбіз. Қазір барлығын өзіміз өндіреміз. Ескі аккумуляторларды бөлшектеп, шикізатқа айналдырып, оларлы қайта пайдаға жаратымыз», - деді «Қайнар-АКБ» ЖШС техникалық директоры Алексей ЧЕУСОВ.  

Кеңес уақытында салынған зауыт тоқсаныншы жылдары тұралап қиын жолдан өтті. Дегенмен, әр жылдары мемлекет тарапынан жасалынған қолдау өнімнің бәсекелестігін арттыра түсті. Түркия, Қытай, Италия, АҚШ сынды алпауыт елдерден автоматтандырылған жаңа жабдықтар әкелінді. Осының өзі кәсіпорын жұмысын жандандыруға оң әсерін тигізді. Мәселен, 2013 жылы «Қайнар» зауытына Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік қолдау көрсетеді. Олар қайтарымсыз негізде жабдық алуға 2 бірдей инновациялық грант бөлген екен. Соның арқасында, зауыттың өндіріс көлемі артқан.

«Кәсіпорынға аккумулятор батареяларын құрастыруға арналған қондырғы алу үшін біздің тарапымыздан 2 грант бөлінді. Құрылғының құны 488 млн теңге болды. Оның тең жартысын біздің агенттік арқылы мемлекет төледі. Жаңа қондырғы өз нәтижесін берді десек болады. Мәселен, 2013 жылы 600 мың дана аккумулятор өндірілген болса, биылғы жылдың 9 айының өзінде 2 млн 300 мың батарея шығарылды», - деді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ жобаларды талдау және мониторинг жасау орталығы директорының орынбасары Жасұлан ИГІБАЕВ.

Аккумулятор батареяларын барлық халықаралық стандарттарға сай, сапалы етіп өндіретін кәсіпорын биылғы 9 айдың өзінде 20 млрд теңгеден астам табыс тауыпты. Оның 11 млрд теңгесі шетелге экспортталған өнімнен келген. Сәйкесінше, бюджетке де салық түсімдерін ұлғайтпақ. Бүгінде «Қайнар» зауытының Қазақстан мен ТМД елдерінің нарығын қамтуға қауқары бар. Тұтынушылар арасында Польша, Балтық жағалауы, Иран, Еуропа мен Африка елдері бар.

Кәсіпорын шығаратын аккумуляторларға тек ел аумағында ғана емес, алыс-жақын шет елде де күн санап сұраныс артып отыр екен. Сондықтан зауыт биыл 2,5 млн дана аккумулятор шығаруды көздесе, алдағы 5 жылда өндіріс көлемін 8 млнға жеткізуді қолға алмақ.


Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров