Алматының бір топ тұрғыны аптасына 5 мың адамға дейін келіп демалатын алып бардың жұмысына қарсы. Айтуларынша «Sky Bar» тұрғындардың түн тыныштығын бұзады. Бірақ ғимараттың ашық шатырын би алаңына айналдырған қожайындар 700 жанды жұмыспен қамтып, жүздеген миллион теңге салық төлеп отырған орынды жабу жаңсақтық дейді. Қызыл кеңірдеп болып, бірнеше жылдан бері тіресіп келе жатқан екі жақтың дауы қоғамдық кеңестің талқысына түсті.
Қызыл кеңірдек болып айтысып жатқан адамдардың бұл алғашқы отырысы емес. Тұрғындардың талабы түн тыныштығын бұзып, аула, айналаны айғайға басуға себеп болып отырған барды бұдан ары жұмыс істеуіне жол бермеу.
Тұрғындар талай мәрте полиция, аудан басшыларына арызданғанмен құзырлы орган олардан іліп алар кемшілік көрмеген. Бар тек жаздық маусымда жұмыс істейді. Төрт қабатты ғимараттың төбесіндегі би алаңы 1 мамырда ашылып, қыркүйекке дейін келушілерді күтпек. Қазір жөндеу жүргізіп жатқан басшылар музыка дауысын сыртқа бәсеңдетіп шығаратын материалдарды Мәскеуден тасып, барды қымбат, қауіпсіз құрылыс заттарымен қаптап жатыр.
«Алматының қоғамдық кеңесіне Желтоқсан, Жамбыл, Шевченко көшелерінің қиылысында тұратын тұрғындар «Алтын Алма» мейрамханалар кешенінен шығатын шуға шағымданды. Айтуларынша, олардың түнде тыныш демалу құқығы қорғалмай жатыр. Бұндай заңды мекемелерге салынатын айыппұл аздық етеді. Біз бұл мәселені әлі де қажетті құжаттарды жинау арқылы қараймыз», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңестің мүшесі Зульфия БАЙСАКОВА.
Желтоқсан көшесінің бойындағы ғимарат 1964 жылы демалыс орны ретінде ашылыпты. 700 адамды жұмыспен қамтып, жылына 114 миллион теңге салық төлеп отырған мекеменің басшылары бұл бизнеске жасалған бассыздық, тосқауыл дейді. Айтуларынша, іскерлік саланың сапасын көтерген компания туризм индустриясын дамытудан бөлек, демеушілікпенде айналысып келеді.
«Биыл ондай шум, ештеңе болмайды. Ана кісілерге айтамыз, біз бір жылда миллиондаған салық тапсырамыз. Олар оны жабайық дейді. Ол шатыр арқылы аудан 114 миллион салық табады. Ол әлеуметтік жобаларға жұмсалады», - деді компанияның өкілі Айтқали ЕСЕНҚҰЛОВ.
Арызданушылар 2014 жылдан бері шатырдағы бардың басшыларына қарсы шығып келеді. Төрт жылдың ішінде тек бір рет қана жабуға жағдайлары жеткен. 14 мың 500 шарты метр ғимаратта қазір 6 мейрамхана, 5 жаздық ауқаттану орны мен бір кондитерлік цех бар. Құзырлы мекемелерден қажетті құжаттардың бәрін қаттап алған компания тұрғындардың пікірін ескеріп, күніне мың адамға дейін келетін дискотеканы түнгі сағат 11-де автоматты түрде тоқтатамыз дейді.