Алматыда жол жиегінде тұрған қарбыз бен қауындарға рейд жүргізілді

Алматыда жол жиегінде тұрған қарбыз бен қауындарға рейд жүргізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар жаздың басты жемісі - қауын-қарбызды көптеп тұтына бастады. Тиісінше, инфекциялық ішек аурулары да өрши түскен. Шілде айы басталғалы тіпті 10-ға жуық бала қарбыздан уланған. Олардың қатарында емшектегі сәбилер де бар екен. Жалпы, қазір қала базарлары мен дүкен сөрелерінде сатылып жатқан қауын-қарбыздың сапасы қандай? Сондай-ақ, бақша өнімдерінің бұл түрінен келер қауіптің алдын алу үшін не істеу керек? Әріптесім Айдана Мейрамбайқызы арнайы зертханаға барып, қазіргі қарбыз құрамындағы нитраттардың мөлшерін біліп келген еді. Айдана,  қазір қарбыз жеуге бола ма? Зертхана нәтижесі қандай болды?

- Ия, Нұрсұлтан мен жол жиегінде сатылып жатқан қарбыздардың бірінің дәмін татып көрдім. Іші қып-қызыл, дәмі тіл үйіреді.

Жаз басталғалы қала базарларын жаулаған қауын-қарбыз саудасының қазір нағыз қызған шағы. Көк ала жемістің келісінің бағасы - 80 теңгеден басталады. Құны қолжетімді болғасын, дәруменге бай жаздың басты жемісін тұтынушылар да көбейген. Ал, онымен бірге инфекциялық ішек аурулары да өрши түскен. Шілде шыққалы қалада 10-ға жуық бала қарбыздан уланып, ауруханаға түскен. Науқастардың қатарында тіпті емшектегі сәбилерде бар екен. Ақ халаттылар мұны қарбыз құрамындағы нитраттардың көптігімен байланыстырып отыр.

«Егерде нитраттар организмге енгенде қауын-қарбызбен бірге, ол нитриттерге ауысып өте улы заттар әкелуі мүмкін. Жедел ішек инфекциялары кезінде қауын-қарбызбен уланған жағдайда бірінші кезекте алғаш рет улану белгілері болады. Яғни, ол балада өте жоғары дене қызу белгілері болуы мүмкін. Құсады. Диареялық синдром дейміз, жедел ішектік синдром, іш өту, мазасыздану, көп мөлшерде ағзадан сұйықтықты жоғалту белгілері болады. Яғни, ол сусыздануға алып келеді»,- деді №1 клиникалық балалар жұқпалы ауруханасының бөлім меңгерушісі, Қарлығаш ӘБДІРАХМАНОВА.

Алматыдағы базарлар мен сауда орталықтарына келіп жатқан қауын-қарбыз Оңтүстік Қазақстан мен Алматы обысынан жеткізіліпті. Ал, жол жиегінде сатылып жатқандардың қай жердің өнімі екені беймәлім. Сондықтан, мамандар жабайы сауда орындарынан өнім алмауға кеңес береді. Себебі, мұндай орындарда сауда жүргізетін азаматтардың көбіне рұқсат қағаздары мен санитарлық кітапшалары болмайды. Біз де жол жиегінде ашық сатылып жатқан бір қарбызды сатып алып, зертханаға тапсырдық.

«Онион-4100 қондырғысы арқылы тексерген кезде қарбыздың мөлшері 38 мг киллограмға сәйкес келеді. Яғни, бұл жердегі тексерілген үлгі нормаға сәйкес келеді. Қарбыздың нормасы 60 мг киллограммнан аспау керек»,- деді Ұлттық сараптама орталығының зертхана маманы, Маржангүл ҚҰДАЙБЕРДІ.

Бақша өнімдерінің нағыз пісетін уақыты тамыз айының басы екен. Ал, қазіргі қарбыздар құрамында нитрат болары сөзсіз. Айта кетсек, зерттеушілер 1 келі қауын-қарбыз құрамында 60 миллиграммнан артық нитрат болса, адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретінін ескертті.

«Зертханалық зерттеулерге алынған кезде нитраттардың көлемі көп кезінде бақша өнімдерінің қай жақтан алып келінгені, оның қандай құжаты бар екені, қауіпсіздігін растайтын нитратқа қалай тапсырылғаны түгел тексеріледі. Тексеріс кезінде олар талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік іс қозғалады»,- деді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы міндетін атқарушы, Анель МҰСАЕВА.

Әртүрлі аурудың алдын алып, денсаулыққа қауіп төндірмеу үшін тазалық ережелерін де қатаң сақтау қажет. Сондықтан, қарбызды тұтынбас бұрын сыртын мұқият жуған жөн. Ал, сатып аларда оның ішін көру үшін кестірмеген дұрыс.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров