Алдағы аптадан бастап қоғамдық көліктердің кіре берісіне бейнебақылау орнатылады. Бұл автобустарда тиылмай тұрған қалта ұрлығына тосқауыл болмақ. IТ технологиясы бойынша орнатылатын құрылғылар бұрын істі болған әккі ұрылардың түс келбетін бірден бақылап, орталық базаға жібереді. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өкілдері биыл қылмыс көлемі азда болса төмендейді деп отыр. Бұл қаншалықты рас? Қылмыстың қандай түрі көп орын алады? Сұрақтарға жауапты тілшіміз Әмірболат Құсайынұлы іздеп көрді. Әмірболат, Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің жетекшілері жиын өткізді? Олар не дейді? Ал Халықтың бұл бастамаға байланысты пікірі қандай?
Әрине халықтың қашанда құқық қорғау саласының қызметкерлеріне көңілі толмайды. Күніне қалалық полицейлерге 4 мыңнан астам қоңырау түссе, олардың мыңнан астамы расталып жатады екен. Дегенмен, Алматыда бір тәуліктің ішінде 100-ге дейін қылмыстық оқиғалар орын алады. Ал ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, биыл көрсеткіштер жақсарып, қылмыс саны азайды деп отыр. Дегенмен, бұзақылық, жеңіл дене жарақаттарын салу, тонаудың көрсеткіштері тыйылмай тұрған көрінеді. Әсіресе, ұялы телефон ұрлығы. Былтырдың өзінде ел көлемінде 100 мыңнан астам қол, қалта телефоны қолды болған. Тұрғындардың тыныштығын бұзатын бұзақылықтың орнын алу үшін тағы бір бағдарлама іске қосылмақ.
Қалада 97 мыңнан астам бейне бақылау камералары қойылған. "Қауіпсіз қала", "Қауіпсіз аула" сынды бағдарламалар аясында 87 мыңдай камера ілінген. Автоматты құрылғылардың көмегімен биыл 529 қылмыстық істі ашуға мүмкіндік туса, тек 11 мыңнан астам орын алған әкімшілік тәртіпсіздік тіркелген. Көшедегі камерелар арқылы жол ережесін бұзған 10 мың жүргізушіге айыппұл жүктеген.
«Алматы қаласында орын алған қылмыстың саны едәуір түскен болатын. 7,5 % төмендеп отыр және де орын алған қылмыстардың деңгейі де артып отыр. Бұл қуантарлық жай. Бүгінгі таңда, Алматы полициясы барлық жаңа технологияларды, мүмкіндіктерді пайдаланып қылмысқа төтеп беруге мүкіндігі бар. Мысалы, қарақшылық шабуылдардың көрсеткіші 20 %, адам тонаудың көрсеткіші 13% төмендеді»,- деді ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.
Бірақ қалтадағы әмиян мен қол телефонды қағып кету көбейіп тұр. Енді алдағы аптадан бастап қоғамдық көліктердің кіре берісіне бейнебақылау орнатылады. Пилоттық жобадағы алғашқы автобусқа орнатылған камера арқылы бір аптада үш ұрлықшы ұсталған. Қалалық полицейлер жан-жақты жасаған жұмыстың нәтижесінде ауыр қылмыс саны биыл 37,6 пайызға, орташа бұзақылық 4,9 пайызға азайды дейді.
«Биыл 4074 қылмыс тіркелсе, былтыр аудандағы қылмыс саны 4571 болған. Яғни, көрсеткіш 10 пайызға азайды. Ауданда 141 ауыр қылмыс болды. Былтыр 378-ге жеткен. Тонау 13, өзгенің мүлкін иемдену 2,6, пәтер ұрлығы 68, бұзақылық 58, алаяқтық 28 пайызға төмендеді»,- деді Медеу аудандық ІІБ басшысы, Есен ЫСҚАҚОВ.
Қала бойынша қылмыстың көп орын алуы жағынан Әуезов ауданы алда тұр. Жер көлемі шағын, негізінен ауқаттылар тұрақтаған Медеу ауданы да ұрлық, қарақшылық жағынан алғашқы үштікте. Ресми мәлімет ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалап, қылмыс саны азайды десе, қоғамдық кеңестің бағасы бұл пікірге кереғар.
«Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде тұрғындардың 44 пайызы жергілікті полицейлер пәре алады деп мәлімдеді. Сондай-ақ, Медеу ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тұрғындарды бопсалау жағынан қалада бірінші орын алады. Осы уақытқа дейін жергілікті полицияның 188 қызметкері жауапкершілікке тартылған»,- деді Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, Александр БЕЛЯНОВ.
Көп қабатты үйлерді орталық күзет дабылына қосу әліде көбеймек. Қаладағы 111 мыңнан астам ғимарат тұрақты күзетке алынса, автоматты күзет бадылына қосылған жерлер тонау оқиғасын 44 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берген. Қаладағы екі миллиондай халықтың тыныштығын күзетуге тәулігіне 3 мыңдай полиция жұмыс істесе, күніне шамамен 100 ден астам қылмыс тіркеледі екен.
Әмірболат Құсайын, «Алматы» телеарнасы