Алматыда құнды жәдігерлерді ұлықтайтын жәрмеңке өтті​

Алматыда құнды жәдігерлерді ұлықтайтын жәрмеңке өтті​
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Рухани жаңғыру науқан емес, рухыңды тіктеп, тамырыңмен таныстыруға мүмкіндік беретін бағдарлама. Қазақтың байырғы қолөнері, бабадан қалған құнды мұраларымыз бұл тұрғыда таптырмас құрал. Алматыға жан-жақтан жеткен шеберлердің жиынында этнограф ғалымдар осылай деді.

Ұлттық кодымызды айшықтайтын өзгеде жоқ дүние - ол ағаштан ойылып, оюланып жасалған қазақтың көне заттары. Бірақ құнды мұралардың атын тұрман, түрін ұмытқалы қай заман? Мәселен, мына қара ағаштан жаслаған астау құдаларға арналса, мына бір зат төрт дүниең түгел болсын деген ырыммен құрметті қонақтарға тартылған. Аламан бәйгеде алдына жан салмаған азаматтарға ортан жілік арқылы қойылатын астау, болмаса төс салынған күйеу табақ сынды астаулардың алпыстан астам түрін тамашалап, жақын танысуға болады. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың қызықты да, жеңіл жолы жәдігерлерді жұртқа жан-жақты таныстыру. Көп естігеннен бір көру арқылы көкірекке көп дүниені түюге болады.  Қауға, күбі, зағыма, шара, шанаш, тостаған, торсық, түйемойнақ сынды тамыры терең, тағылымы мол мұраларды құрал түрінде кеңінен қолдануға болады дейді шеберлер.  

«Басты мақсатымыз Елбасының Рухани жобасы аясында біз осы қазақ халқының құндылығымен мәдениетін жастарға кең көлемде түсіндіру. Қазақстан көлеміндегі майталман шеберлермен тығыз байланыса отырып, ерте кездегі мәдениетті қазіргімен үйлестіру, халыққа кең көлемде насихаттау»,-деді "Елмұра" қолөнер жәрмеңкесін ұйымдастырушы, Салтанат ӨМІРӘЛІ.

"Алтын астау" атауымен көпке көрсетілген құнды жәдігерлердің саны мыңнан асады. Ал этнограф, ғалым жазушылар болса бабадан келген бағзы дүниелерді заттық тұрғыда емес, астарына, берер мағынасы мен жасалу технологиясы зер салу қажет дейді.

«Рухани жаңғыру деген әшейін тосыннан тосын таңыла салған, болмаса осыны жасай салайық дейтін бағдарлама емес. Бұл өзі мерзімі жетіп, мезгілі келген, серпілетін кезеңіне келіп тұр. Бізде осы Рухани жаңғыру дегенді науқан, болмаса есеп ретінде емес, рухыңды тіктеу, жасып қалған жігерді жану. Тамыры терең, өзіміздің түп тегімізбен жалғану керек. Елге, жұртқа сонау ғасырлардың үнін жеткізу керек»,-деді Этнограф, Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ.

Ғасыр қойнауынан келе жатқан ғажайып заттар ұлтты қазақы қағидадан қалт кетірмеудің құдды бір күзетшісі іспетті. Әсіресе арқардың мүйізінен жасалып, күміспен көмкеріле күмбірлеген домбыра жұрттың назарын бұрып қана қоймай, жігерін жаныды, кең даланың қойнауындағы халқының қалпын, айнымас салтынан сыр ақтарғандай.  

Әмірболат Құсайынұлы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров