Әуе көлігі құрылысы № 405 жөндеу базасында іске асады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткенҮкімет сағатында Қорғаныс және аэроғарыш өніркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімделі. Қорғаныс саласындағы жақсы жаңалықтан бөлек, шенді елімізде білікті кадрлардың қолды-аяққа тұрмай жатқанын жеткізді.
Қорғаныс саласын ойдағыдай дамыту үшін елімізде кәсіби мамандар жеткіліксіз. Депутаттар алдында сөз алған министр ең алдымен осы түйіткілге назар аударды. Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, жоғары оқу орындарын тәмамдап, шетелде білім алған жастардың көбі Қазақстанға қайтқысы келмейді. Түлектердің мүддесін ояту үшін оларға өз жобаларын іске асыратын жаңа алаң ұсыну қажет, дейді. Бәсекеге қабілетті арттыру бағытында мамандардың білімі мен біліктілігі маңызды. Әскери индустрияның талабы да цифрлық технологияларға ауысқан.
«Бізде білімді және өте таланты жастар көп. Олардың басым бөлігі шетелде ең үздік университеттерді бітірген. Бірақ біз олардан айырылып қаламыз. Сыртқа кетіп жатыр. Сондықтан оларға барынша жағдай жасауға ұмытылып отырмыз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы белсенді қолға алынып отыр»,- деді ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.
Министр Атамқұлов жетістікке де кезек берді. Отандық мамандардың көрші елдерге жыл басынан бері 60 тікұшақ дайындағанын айтып, біраз масаттанды. Экспортты «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» компаниясы іске асырады. Белгілі болғандай, бас қалада ашылған орталық Ресей, Украина, Орталық Азия және Моңғолия елдерінің әуе кемелерін жөндейді. Министр алдағы уақытта Ми-8 сынды алып тікұшақтардың Алматыдағы авиажөндеу зауытында құрастырылатынын хабарлады.
«Биыл біз тікұшақтардың алғашқы легін шығарамыз. Айта кетейін, бұл өте сенімді әуе көлігі. Ол өзін жан-жақты көрсете білді. Сұранысқа ие. Жұмыстың 30 пайызын 2016 жылдың желтоқсанында Астанада ашылған әуе-техникалық орталығы орындайды»,-деді ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.
Сонымен қатар, шенді еліміздің әскерилеріне берілген броньді техникаға тоқталды. Әзірге 60 көлік жеткізілген. 2019 жылы оның саны тағы 30 артпақ. Алдағы уақытта тозығы жеткен БТР-82 көліктері толығымен жаңаруы тиіс. Қорғаныс саласында цифрлық технологияларға да жіті көңіл бөлінеді. Оның шінде 3D - принтинг, композиттік материалдар, ақпараттық технологиялар кеңінен дамитын болады.Заман талабына сай қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерін шығаруға бет бұру роботтандыруға, ақпараттық жүйелер мен кәсібилікті шыңдауға сеп болады, - дейді министр. Бейбіт Атамқұлов сөз соңында «KADEX-2018» көрмесіне көңіл аударды. Астанада өтетін биылғы көрмеде 6 мемлекеттің аэроғарыш саласы басшылары бас қоспақ.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан