Алматыда «Моана» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілімі өтті

Алматыда «Моана» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілімі өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Моана» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілімі өтті. «Дисней» студиясының төл өнімін тамашалауға қала басшысы Бауыржан Байбек те арнайы келген. Әкім әлемдік туындыларды қазақ тіліне тәржімалаудың маңыздылығын айтып, игі істің әрмен де жалғаса беретініне сенім білдірді.

«Моана» - қазақ аудиториясына жат емес. Оқиға желісі ойдан шығарылғанымен, анимациялық фильмде - сенім, қара күш иелеріне қарсы тұру, ақыр соңында әділдіктің үстемдік құруы сынды қазақ ертегілерінде кезігетін жайттар қамтылады. Тың туындыны тамашалауға тек бүлдіршіндер ғана емес, ересектер де көп келген. Тіпті, қала басшысы Бауыржан Байбек те  шытырман шығарманы көпшілікпен бірге көруден тартынбады. Фильм басталмас бұрын әкімнің қатысумен баспасөз жиыны өткен еді. Сол басқосуда қала басшысы игі істің иглігін айтқан.               

Анимациялық фильмнің басты кейіпкері - Моана ханшайым. Ол - Туи көсемнің қызы. Қаршадай бала жартылай теңіз және жер құдайы Мауимен бірге мұхитқа аттанады. Сол саяхаты кезінде небір қиындықтарға тап болады. Ал, оқиғаның өзі осыдан 2 мың жыл бұрын Тынық мұхиты аралдарының бірінде өрбиді. Мультфильмдегі кейіпкерлерді - Лидия Кәден, Назерке Серікболова, Мақпал Исабекова, Бүркін сынды әнші-актрисалар дыбыстаған.                     

«Дисней» студиясының төл туындысын  «Болашақ» корпоративтік қоры қазақ тіліне тәржімалаған екен. Сөйтіп, олар биылдың өзінде 3-ші кинокартинаны өз тілімізге аударып отыр. Бұл - сөзсіз үлкен жетістік. Ал, анимациялық шығарманы көруге келгендер әлемдік фильмдердің қазақ тіліне аударылып жатқанына қуанатындарын айтты.         

«Болашақ» қоры соңғы 5 жылда 16 фильмді қазақ тіліне аударған екен. Бұл - мемлекеттік тілге көрсетілген құрмет болса керек. Ал, алматылық көрермен «Моана» анимациялық туындысын қаладағы барлық кинотеатрлардан көре алады.  


Новости партнеров