Алматыда Таугүл ықшамауданындағы жылу жүйесі қайта қалпына келтірілді

Алматыда Таугүл ықшамауданындағы жылу жүйесі қайта қалпына келтірілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Таугүл ықшамауданында жарылған құбыр жөнделді. Ыстық судан ажыратылған 130 нысанға жылу қайта беріле бастады. Коммуналдық қызметкерлер апаттың салдарын жою үшін түні бойы жұмысын тоқтатқан жоқ. Бүтін бір ықшамаудандағы ақауды қалыпқа келтіру жұмысының созылуына не себеп болды?

Ақау дәл осы орыннан шыққан. Бүгінде 10 метр құбыр алмастырылған. Айта кетейік, бұл құбырлар 1983 жылы пайдалануға берілген екен.

Құбырдың жарылуы 130 нысанды жылусыз қалдырды. Коммуналдық қызмет апат орнына бірден жеткен. Ақауды қалпына келтіру жұмысы түні бойы жалғасты. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 60 шақты адам мен 20 техника жұмылдырылған. Оның ішінде құтқару қызметі де бар.

«Жылу құбырының үстінен тоқ желісі өткізілген. Ол жөндеу жұмысын жүргізуге қиындық туғызды. Құбыр қазір толығымен жасалды. Таңғы сағат 8:30-да жылу жүйесі іске қосыла бастады», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Алтай РАХЫМБЕТОВ.

Нысандардың жартысына жылу беру схемасын өзгерту арқылы апат болған күні түскі сағат 3-те жылу қосылған. Бүгін ақау толық жөнделіп, аумақ қалпына келтіріліп жатыр. Жылусыз қалған нысандардың арасында мектеп пен балабақша да бар еді. Оқушылар үйлеріне қайтарылып, бөбекжайда жұмысын уақытша тоқтатқан.

«Мектепте сабақ бүгін де болған жоқ. Жылу берілген уақыттан бастап, тәулік бойы ғимараттағы температураны бақылаймыз. Ертеңнен бастап оқу процесі қайта басталады», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі.

Еске сала кетейік, Таугүл ықшамауданында коммуналдық апат 29 қаңтар күні таңғы сағат 7-лерде болған. Құбырдың жарылуының салдарынан бүтін бір шағын аудандағы мыңдаған тұрғын жылусыз қалды.

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров