Алматының Бостандық ауданында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Алматының Бостандық ауданында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Бостандық ауданының тұрғындары бір мезетте 23 мемлекеттік мекемеден қызмет алуға мүмкіндік алды. Одан бөлек, 3 үкіметтік емес ұйым өкілдері тұрғындар сауалдарына жауап берді. Бүгінде мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі қаланың барлық ауданында ұйымдастырылды. Мұндай шараға осы уақытқа дейін 16 мың азамат қатысқан. Жәрмеңке барысында қала тұрғындары ең жиі сұранысқа ие жер қатынастары, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және денсаулық сақтау салалары бойынша кеңес алып, «электронды үкімет» веб-порталы арқылы осы қызметтерді пайдалану жолын үйренді.

«Бұл жәрмеңкеден көптеген мағлұматтар алдым. Мысалға, мемлекеттік салада, мемлекеттік емес, жеке «Даму», «Атамекен» сияқты кәсіпорындардың жұмыстарымен таныстым»,-деді жәрмеңкеге қатысушы, Алма ЖҰМАХАНОВА.

«Қазір барлығы электронды түрде ғой. Біз оны біле бермейміз. Кезекте тұрғаннан гөрі, үйде интернет арқылы сайтқа кіріп жасауға болады. Үйге кезекке қалай тұруға болады. Зейнетақы қорын қалай көруге болады. Сол арқылы бәрін білуге болады екен»,-деді жәрмеңкеге қатысушы, Айдана ТҰРДЫҒАЛИ.

Шара аясында, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де қатар өткізілді. Онда аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары қызметпен қамтуға бағытталған бағдарламалармен таныстырды. Бүгінде Алматыда мемлекеттік қызмет саласында 350-ге жуық бос орын бар. Оның ішінде мемлекеттік кірістер және ішкі істер департаменті, сот орындары және кинология орталығына мамандар қажет.

«Бұл жәрмеңкенің негізгі мақсаты ең бірінші қарапайым халыққа, мемлекеттік қызмет көрсету мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін, электронды түрде қол жеткізу жолдарын түсіндіру. Екінші мәселе, Жас азаматтарға, білікті, білімді азаматтарға мемлекеттік қызметке қалай орналасу, мемлекеттік қызметке орналасу тәртіптерін түсіндіру. Ең бірінші диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасудан бұрын тест тапсырады. Тест қалай тапсырады? Тест тапсырғаннан кейін қалай конкурсқа қатысады? Сол конкурс өткізу тәртіптерін түсіндіру»,-деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілі, Азат ТҰРҒАНБЕК.

 

Новости партнеров