Армиясы айбынды елдің, рухы да асқақ болар сөзсіз. Ел егемендік алғалы екінші рет ұйымдастырылған әскери шеру «Отар» 40-шы әскери базасының аумағында өтті. Жауынгерлік шеруге тек теңіз әскери техникасынан басқа, қорғаныс саласының барлық күші тартылған.
Елдің әр аймағынан жиналған таңдаулы сарбаздар сыналар сәтке бір ай дайындалсада халық пен Бас қолбасшының алдында қобалжулы. Шеруге қатысқан үш мың сарбаз бен үш жүз атыс қаруы, қырыққа жуық соғыс ұшақтарының көрсететін іс-қимылдарының әр секунды есептелген. Армияның айбынын көрсететін күш құрылымдарының қатарында облыс, қала басшыларыда бір сәт сап түзеп, Елбасының атынан берілген әскери туды тік тұрып қабылдап алды.
«Жауынгерлік ту туған жерге адалдықтың, ерлік пен батылдықтың нышаны болып табылады. Қасиетті байрақ ержүрек сарбаздарды әрқашан жеңіске жетелейді. Б.Момышұлының «Батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөзі бар. Азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеу үстінде әскери дәстүр маңызды рөл атқарады», - деді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Қазақстанның әскері саны жағынан аз болғанмен, сапасы жоғары, жинақы, күтпеген шабуылға тойтарыс бере алатын мобильді, білікті армияға айналып келеді. Жау нысанасы деп белгіленген бөктердің әп-сәтте астаң-кестеңі шығып, атыс дауысынан кең дала жаңғырып кетті.
«Прима», «Град», «Д-30» сынды танкіге қарсы зеңбіріктер, «Штрум-С», «С-125» сынды зымырандық кешендерден шыққан оқтар ауаны осып, жерді дүрсілдетті. Ауыр артиллериядан бастап, жылдам жүретін атыс қару түрлерінің мүмкіндігі паш етілді. Ал жауынгерлер хормен орындаған ән елдің рухын көтеріп, ұлттың бірлігін мықтағандай.
Арнайы операция күштері, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық гвардия сынды барлығы 19 жаяу топтан құралған сарбаздар қандай жағдайға да шынайы шеберлікпен дайын екендіктерін көрсетіп, халықтың ықыласына бөленді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында барлық күш құрылымдарының, армияның ауқымды жаттығуы осымен екінші рет өтті. Араға бес жыл салып біліктілігін көрсеткен сайыпқыран сарбаздарға Елбасы, Бас қолбасшы әскери ептіліктері үшін алғыс білдірді. Атырау мен Алтайдың, Арқаның атырабында, Алатаудың етегінде ен жайлаған ел тәулік бойы тыныштықты күзеткен осындай қуатты армияның арқасында бейбіт өмір сүре бермек.
Әмірболат Құсайынұлы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы Жамбыл облысынан