Энергетика министрі Қанат Бозымбаев вице-министр Ғани Сәдібеков пен департамент директорының ұсталуына қатысты пікір білдірді.
«Барлық мәселені тергеу органдары мен күдіктілердің адвокаттары анықтайды» деген ведомство басшысы, «артық сөз айтуға құқығым» жоқ деді. Еске салайық, осыған дейін Ұлттық бюро қызметкерлері Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков пен бірнеше лауазымды тұлғаның ұсталғаны жайлы хабарланған еді. Ғани Сәдібеков «Аймақ» мердігерлік ұйымының басшысы Дуанбекпен біріге отырып, Щучинск-Бурабай курорттық орнында өзенді тазалауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған. Сондай-ақ осы іске Энергетика министрлігінің департамент басшысы Нұрбеков мен мердігер компанияның өкілдері Жұмалинов пен Қадырберлин қатысқан. Ал кеше вице-министр Ғани Сәдібеков екі айға қамауға алынды.
«Біздің министрліктің вице-министрі және департамент директоры қамауға алынды. Ол министрлік үшін ауыр оқиға болып отыр. Осы кезеңде әрбір сұрақтар тиісті құқық қорғау органдарына жолдану керек және тиісті адвокаттарға жолдау керек. Өйткені, ешқандай материалдар біздің министрлікте қазіргі таңда жоқ. Сондықтан біз мәлімет бере алмаймыз», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
Ұлттық бюро таратқан ақпарат бойынша Сәдібеков қол қойған жалған актілерде Энергетика министрлігі 2017 жылы орындалған жұмыстар үшін 3,6 миллиард теңге төлеген. Ол соманың 1 миллиард теңгеден астамы қолма-қол төлемге айналдырылған. Тексеріс кезінде бұл ақшалар тәркіленген. Қазіргі кезде Астана қаласы Алматы ауданының №2 сотының шешімімен Ғани Сәдібеков пен мердігер компанияның басшысы Серікбай Жұмалинов 2 айға темір торға қамалды.