Бүгін, 9 мамыр күні Қазақстанда және ТМД-ға мүше өзге елдерде Жеңіс күні атап өтіледі. Адамзаттың басына төнген алапат соғыстың аяқталғанына бүгін тура 73 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Неміс әскерінің КСРО-ға шабуылы 1941 жылдың 22 маусымында таңсәріде басталған болатын. Бірінші дүниежүзілік соғыста оңбай жеңілген Германия әскері араға ширек ғасыр салып есін жиып, қайта әлемге айбар шеккен қатерлі күшке айналады. Фашистер 1939 жылы қол қойылған кеңес-герман шартын бұзып, КСРО шекарасына лап берген еді. А дегенде айтарлықтай кері шегінген Кеңес Одағы жүздеген ұлттардан құралған жауынгер әскерінің арқасында жерін қорғап қалуға мүмкіндік алды. Жеңісті жақындатуға Қазақ КСР-ның зор үлесі барын атап өткен жөн.
Соғыс жүрген 1418 күн бойы майдан алаңына Қазақ КСР-нан 1,2 миллионнан астам сарбаз аттанған. Шайқасқа аттанған қазақстандықтардың жартысы елге оралған жоқ. Майдан даласындағы ерліктері үшін 499 қазақстандық марапатталса, олардың ішінде 99-ы Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы атағын алды. Сондай-ақ қазақтың қос батыр қызы - Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова да майдан алаңында ажал құшып, оларға ең жоғарғы - Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанды.
Екінші дүниежүзілік соғыс көзсіз ерліктерімен аты аңызға айналған қазақ жауынгерлерін тарих сахнасына шығарды. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстандық жауынгерлер Курск шайқасында, Балтық бойы республикаларын, Украина мен Беларусьты, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қатысты.
Соғыстың барлық бағыттарында қазақтар жасындай жарқылдады. Бұл ретте батыр бабалардың партизан соғысына да белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздарының аты ерліктің нағыз үлгісін көрсетті.