Мектеп оқулықтары енді тек мемлекеттік стандарттар өзгергенде ғана қайта басылып шығады. Әрі, мазмұны жаңарған кітап электрондық форматта қол жетімді болмақ. Бұл Мәжілісте өткен жиында айтылды. Жоғары шендіден бастап, қарапайым ұстаздың басын қосқан депутаттар бұл отырыста барынша орта білім беру бағытындағы маңызды түйіткілдердің шешімін табуға ұмтылды.
Мәжіліс қабырғасында бірі қалмай жиналған лауазымды тұлғалар көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап беруге тырысып бақты. Демек, орта білім беру саласындағы түйіткілдерді қозғады. Оның ішінде жаңартылған білім беру жүйесі қатты сынға түсті. Бас мұғалімнің орынбасарлары бұл жолы журналистерден емес, депутаттардан қорғанып бақты. Әу баста, үнсіз отырған Бекболат Тілеухан іште жүрген назын бірақ ақтарды. Айтуынша, алғашқы сынып оқушыларының әліпбиді 7 ай бойы оқып, бір орында тұралап тұру сұмдық. Жаңартылған білім беру мазмұнының олқы тұстары көп, дейді. Тіпті, мысал ретінде өз баласын келтірді.
«Неге менің баламның миын ашытасыздар? Қазақстандық балалардың миын неге ашытып жатырсыздар? Неге 40 күнде үйреніп, қалған уақытта түстен кейін бала неге дзюдосына бармайды, неге домбыра тартпайды, ойнамайды? 1970 жылы 10 желтоқсанда Бекболат Тілеухан әліппемен қоштасқан. Ал менің балам наурыз таяп қалды, әлі «ю»-да жүр. Соған жауап беріңіз», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат ТІЛЕУХАН.
Осы тұста ведомствоның вице -министрі Асхат Айтмағамбетов мұндай ашуға дайын болмаған сынды. Қойған сұраққа дәл жауап бере алмай біраз кібіртіктеді.
«Менің балам екінші сыныпта оқиды. Алдыңғы жылы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша балам әліппенің сол бағдарламасынан өтті. Қиын болды, бүгін оқу білмейді деп айта алмаймын. А.Байтұрсынұлы жүйесі бойынша апробациядан өткізіп жатырмыз», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат АЙТМАҒАМБЕТОВ.
Осы тұста, вице-министрді жақтауға ұмтылған ұстазда табылды. Істің насырға шауып бара жатқанын байқаған Бекболат Тілеуханның әріптестері екі жаққа араша түсіп, даудың басын қайырды. Әрі, басқа сұраққа көшкенді жөн санады. Осы тұста оқулықтар жайы қозғалды. Белгілі болғандай енді кітаптар тек мемлекеттік стандарт өзгерген де ғана қайта басылып шығады. Әрі, кей сыныпқа арналған оқулықтар электрондық нұсқада жасалады.
«Бұрындары 4 жылда бер рет басып шығарылатын. Қазір кітаптар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары өзгергенде ғана шығарылады. Егер ол өзгермесе, кітап қолдануға жарамсыз болмаса, кітап қайта басып шығарылмауы тиіс. Қазір біз сонымен қатар, нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгіздік. QR-код арқылы ағымдағы жылы 3-6-8 сынып оқулықтарының электрондық нұсқасын жасаймыз. Ең алдымен оны бала мен ата-ана қолданады», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат АЙТМАҒАМБЕТОВ.
Отырыс барысында депутат Бақытгүл Хаменова география пәні тағдыры мен ұлттық бірыңғай тест мәселесін көтерді. Әрі, мектепті тәмәмдап жатқан оқушыға тест тапсыру кезінде ұстаздарды жауапты етуді доғару қажет, дейді.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан