Алматыда бауырын ауыстырған келіншек араға 3 жыл салып дүниеге сәби әкелді. Бөбек анасының көптен күткен тұла бойы тұңғышы екен.
Дәрігерлер мұндай жағдайдың ерекше екенін мойындап отыр. Жас ана орган ауыстыру бойынша 13 сағаттық ауыр операцияны бастан өткерген. Ал ақ халаттылар бұл перинатология ғылыми орталығында тіркелген осындай екінші қуанышты жайт дейді.
Алматы облысының тұрғыны Толқын Айдарова осыдан 4 жыл бұрын бауыр циррозына шалдыққанын білген. Ауыр кесел туралы естігенде талып түсе жаздадым дейді. Ал дәрігерлер оның өміріне қауіп төніп тұрғандықтан, тез арада бауыр ауыстыру қажеттігін айтқан. Сол кезде Толқынның туған ағасы донор болуға келіскенмен, органы сәйкес келмей шығыпты. Сондықтан келіншектің 1 жылдай күтуден басқа амалы қалмаған. Алайда, дәрігерлер аяқ астынан қайтыс болған адамның туыстарынан келісім алып, сау бауырын 26 жастағы Толқынға салған. Теңдессіз отадан кейін реципиент, міне, тұңғышын бауырына басып отыр.
«2 жарым жыл өткен соң бала көтердім. Балмды дүниеге әкелгенде ота жасалғанына тура 3 жыл болды. Бастапқыда жүктілігімді бақылап жүрген дәрігерлер қатты қорықты. «Тууға болмайды, өте ауыр жағдай» десті. Сондықтан өзімнің жеке дәрігеріме бардым. Ол кісі маған «тууға болады» деген қағаз жазып берді», – дейді Толқын АЙДАРОВА.
Табиғи жолмен дүниеге келген сәбидің салмағы 3 келі 250 грамм, бойы 52 сантиметр. Жас ана үзбей дәрі қабылдайтындықтан, қазір бөбек жасанды жолмен тамақтанып жатыр. Дегенмен, дені сау, жағдайы жақсы. Қуанышы қойнына сыймаған әжесі немересінің есімін «балдай тәтті болсын» деп ырымдап, Алуа қойыпты. Гепатологтың және гинекологтардың қарауында бір ай болған ана мен бала бүгін үйге шықты.
«Әрқашан дәрігерлердің қарауында боласың деп айтты. Сонымен өзімнің гепатологымның қабылдауында, Талдықорғандағы емханада терапевтте, әйелдерге кеңес беру бөлімінде болдым. Осы институтқа ай сайын келіп тұрдым. Аллаға шүкір! Баланың дені сау. Өзім үзбей дәрі ішемін. Соған қарамастан, балада бәрі жақсы болып туылды. Соған қуаныштымыз», – дейді Толқын АЙДАРОВА.
Медицина дамыған заманда ағза мүшесін ауыстырғаннан кейін әйелдің жүкті болуға мүмкіндігі бар. Алайда дәл бауыр ауыстыру – аса ауыр ота түрі саналады. Сондықтан операциядан кейін дүниеге дені сау бала әкелу сирек кездеседі. Дәрігерлер бұл перинатология ғылыми орталығындағы екінші ерекше әрі қуанышты жағдай дейді.
«Менің бақылауымдағы Толқын Айдарова – реципиент, яғни оған бауыр ауыстыру бойынша ота жасалған. Операция сәтті өткендіктен, ол табиғи жолмен бала көтеріп, кесарь тілігінсіз өзі босанды. Ең бастысы, ешқандай асқынулар болған жоқ. Қазір ғылыми орталықта жатқан ана мен бала өздерін жақсы сезінеді. Ерекше жағдай болғандықтан, біраз уақыт денсаулықтарын бақыладық», – деді Гинекология және перинатология ғылыми орталығы №2 акушерлік бөлімінің меңгерушісі Батыр ӨСКЕНБАЕВ.
Ал дәрігерлер бала сүйе алмай жүрген жандарға ешқашан үміт отын сөндірмеу керек екенін айтады. Өйткені, қиындықтардың бәрін де еңсеруге болады.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы