Айлардың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол Рамазан айы басталды. 30 күн оразада қаладағы 4 бағыттағы қоғамдық көлік түнгі 12-ге дейін қатынайтын болады. Хадис-шарифте айтылғандай, адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады.
Әлемнің барша мұсылмандары ауыз бекітті. Айлардың сұлтаны болған Рамазан айында барлық дұға-тілектер қабыл болады. Ауыз бекіткендерге қаланың 49 мешітінде ауызашар беру қарастырылған. Сонымен қатар, 4 бағыттағы қоғамдық көліктер де түнгі 12-ге дейін жолаушы тасымалдайтын болады. Сондай-ақ, Орталық мешітте интеллектуалды сайыстар ұйымдастырылмақ. «Раббым, білімімді арттыр», «Ұмыра кімге бұйырады?» атты жарыстың жүлдесі де қомақты. Бас жүлде алған қатысушы кіші қажылыққа жолдама алады.
«Құдай қаласа 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні, ол Қадір түні болып белгіленіп отыр. Осы Қадір түні көпшіліктің алдында жеңімпаздар жарияланып, ұмыра қажылығы тапсырылатын болады»,-деді Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.
Алматыда оразаның бір күні шамамен 16 жарым сағат. Астанада 17-18 сағатқа созылады. Ал кейбір Еуропа елдерінде, тіпті, 20-21 сағат ауыз бекітеді екен.
Ораза тұту игі мұсылман қауымының бес парызының бірі. Жалпы «ораза» сөзінің мағынасы - бір нәрседен алыстау, белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу - дегенді білдіреді. Сондықтан оразаны шын ниетімен ұстаған адамның ғана дұғасы қабыл болады,- дейді имам.
«Адам баласының ниетіне байланысты. Бұны науқанға айналдыруға болмайды. Науқан дегенді, қой наурыз болды ғой деген секілді, оразаға дайындалып, тақуа болып, ораза ұстап, ораза біткеннен кейін ораза кетіп қалды ғой деп, қалған басқа күнәлармен айналысып кетуге болмайды»,-деді Алматы қаласы Әл-Хамид мешітінің бас имамы Асылхан Қажы ӨМІРЗАҚҰЛЫ.
Балиғат жасына толған, өзін мұсылманмын - деп санайтын қауым үшін ораза парыз. Ал денсаулығы нашар, емге сүйеніп жүрген адамдардың жөні бөлек. Егер қандай да бір себеппен ауыз бекіте алмаған адам ораза ұстаған жанға ауызашар дастархан жайса, оның өзі құба-құп, - дейді шариғат жолы. Ендеше, қасиетті Рамазан айында жасаған құлшылығымыз қабыл болсын ағайын.
Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы