Елімізде классикалық оқытуды қолдамайтындар балаларға мектепке бармауды заңмен бекітуді сұрауда

Елімізде классикалық оқытуды қолдамайтындар балаларға мектепке бармауды заңмен бекітуді сұрауда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде бес мыңға жуық бала үйде білім алады. Бұл қызмет денсаулығына байланысты мектепке бара алмайтындардың барлығына қолжетімді. Дегенмен, білім ошағына белгілі себеппен бармайтындар қатарына классикалық оқытуды қолдамайтындар қосылып жатыр. Олар мектепке бармауды заңмен бекітуді сұрап отырған көрінеді.

Биология пәнінің мұғалімі Светлана Сергейқызы сабақтан соң оқушысы Даниярдың үйіне барады. Дәріс барысында барлық ережелер сақталады. Үй жұмысын тексеру, жаңа тақырып, дәптерді толтыру тағысын тағы. Сабақ уақыты да 40 минутты құрайды. Данияр мектепке екінші жыл қатарынан бармайды. Оған жамбас остеохондрозы деген диагноз қойған.

«Олар біздің жағдайымызды түсініп, ауру балалар үшін осындай мүмкіндік беріп жатқандары өте жақсы. Мұғалімдер барлығын талапқа сай жасайды. Көңілімнен шығады», - деді Гүлзат ЕЛЕУОВА.

«Бірінші, төртінші сынып оқушыларына сабақ беретін мұғалімдердің жүктемесі аптасына 8 сағатты құрайды. Бесінші, тоғызыншы сыныптарға 10 сағат және тоғызыншы-он бірінші сыныптарға 12 сағаттан барады», - деді Алматы қаласы №79 гимназияның директоры Раиса ЦАЙ.

Денсаулығына байланысты қатарластары сияқты мектепке бара алмайтын балалар елімізде бес мыңға жуықтайды. Оларға көрсетілетін қызмет түрі «Үйде оқыту» деп аталады. Әрине, Ұлттық бірыңғай тестілеуді үйінде тапсыра алмайды, сол себепті тапсыру бөлімдеріне барулары керек. Алайда, мектепке балаларының дені сау болса да жібергісі келмейтін ата-аналар кездеседі екен. Өздері білгендерін үйретеді немесе арнайы маман жалдайды.

«Қазіргі білім балаларды индустриялық қоғамға бейімдейді. Ал бұл басқа қажеттіліктер: барлығын белгіленген тәртіп бойынша жасайды. Заманауи мектеп оқушыларды болашаққа дайындауы тиіс. Өзгеше көзқараспен ойлайтын, ұйымшыл болуы тиіс. Қазір ақпаратты табу өте оңай, сол себепті өтірік пен шындықтың ара жігін ажырата білу маңызды. Ал қазіргі мектеп балаларды кешегі күнмен өмір сүруге үйретіп жатыр», - деді ата-аналар бастамасының өкілі Светлана ДРУЗЬ.

Ата-аналар қауымдастығы Білім министрлігіне отбасылық білім беруді заңдастыру үшін бірнеше мәрте жүгініпті. Бірақ республикадағы 7 мен 17 жас аралығындағы балалардың барлығы дерлік мектепте білім алады.  

«Халықаралық тәжірибені алып қарайтын болсақ, балалар үй жағдайында білім ала алады. Бірақ тиісті емтиханын тапсырады. Ал Қазақстанда бұл жүйе реттелмеген. Сондықтан баланы үйде оқыту үшін жергілікті атқарушы билікке жүгінулері тиіс. Өйткені, барлығына мемлекеттік стандартты үйрену міндеттеледі», - деді ҚР БҒМ Инклюзивті және арнайы білім беру басқармасының бас маманы Ардақ АЙТЖАНОВА.

Белсенді ата-аналар қызықты деректермен бөлісті. Үйде оқыту жүйесі Канадада, Ұлыбританияда, Австралия мен АҚШ-та танымал көрінеді. Мысалы, Америкада шамамен 1 жарым миллионға жуық оқушы мектепке бармайды. Көрші Ресейде осындай оқушылар саны 100 мың. Десек те, олар өз қатарластарынан математика мен оқу пәндерінен әлдеқайда алда тұрады екен. Ал Германия мен Швецияда мұндай жүйеге заңмен тыйым салынған. Қазақстандағы оқушылардың жағдайы ата-аналарға тікелей байланысты - дейді жауапты ведомоствадағылар.


Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы   


Новости партнеров