Еліміздің барлық өңірінде алғашқы қоңырау соғылды

02.09.2016 в 18:05


Еліміздің барлық өңірінде алғашқы қоңырау соғылды. Ал Алматыда 30 мыңнан аса бүлдіршін тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттап, 214 мың оқушы жаңа оқу жылына кірісті. Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы мектептердің бірінде жеткіншектерді білім күнімен құттықтап, оқуда озат болуын тіледі. 1-қыркүйек білім күні. Қолына гүл ұстап, мектеп формасын киген жеткіншектердің бәрі көңілді. Бірі алтын ұяларымен сағына қауышса, алғаш рет қоңыраудың үнін естіген тәтті балақайлар да көп. Осы жылы Алматыдағы 244 мектепте 214 мыңнан аса жеткіншек жаңа оқу жылына кіріссе, 30 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныпқа барды. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек оқушылар мен ұстаздарды оқу жылының басталуымен құттықтап, жеткіншектерге озат болуды тіледі. "Елбасының саясатының арқасында 25 жыл ішінде мысалы 91 жылы Алматы қаласында 15 ғана қазақ мектебі болса, бүгін 65 қазақ мектебі бар. Қазіргі таңда, қазақ тілінде берілетін білім сапасы өте жоғары. Мектепте берілетін білім сіздерге үлкен мүмкіндіктер беріп, Елбасы айтқандай 2050 жылы Қазақстан ең дамыған 30 мемлекеттің арасына кіріп ,сіздер гүлденген Қазақстанның белгілі азаматтары боласыздар",- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК. Қала басшысы арнайы келген бұл білім ордасы Ыбырай Алтынсарин атындағы нөмірі 159-шы мектеп гиназия. Құрылғанына биыл тура 25 жыл. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас мектеп республикадағы озық оқу орындарының бірі. Көп жарыста топ жарып, озат шәкірттер тәрбиелеуде дес бермей тұр. Бұл, мемлекет тарапынан білімге деген қолдаудың айқын айғағы,- дейді мектеп басшысы. Себебі, бүгінгі таңда Қазақстан мектептерінде берілетін білімнен бөлек тәліммен тәрбиеге де ерекше ден қойылған. "Өзіміз ойласақ осы 25 жыл ішінде түрлі дағдарыстар болып келе жатыр. Осы дағдарыс кезінде, қандай қиыншылық болсада біздің Елбасымыздың көрегендігімен, ол кісінің салиқалы саясатының арқасында білім саласына деген, денсаулыққа деген қаржының еш уақытта кемімегені",- деді Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясының директоры, Аягүл МИРАЗОВА. Сонымен қатар, Алматы әкімі Елбасының сыйлығын табыстады. Бұл «Алматы шаһарының мың жылдық өмірін қамтыған» ғылыми-танымдық кітап. Қазақ және орыс тілдерінде 3 мың данамен жарық көрген жинақ қаладағы мектептерге түгелдей тегін үлестірілмек. Сөйтіп, бүгінгі ұрпақ туған қаласының қалай пайда болғанымен қатар қазіргі тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен өзге, сыры ашылмаған қырларымен танысады. "Біз Алматы қаламыздың 1000 жылдық тарихы жайында көркем орындары жайында, табиғаты жайында сыр шертеміз. Бұл негізінен оқушыларға арналып жазылған. Ал, алдындағы жазылған кітаптардың көбісі ғылыми-танымдық үлкен адамдарға арналса бұл әдейі оқушыларға арналды",- деді автор, Зауре ТӨРЕХАНОВА. Мемлекет басшысының марапаты оқушыларға ғана емес, ата-аналардың да көңілінен шықты. Себебі, 10 ғасыр тарихы бар қала жайлы кім-кімнің де білгісі келетінін жасырған жоқ. Бүлдіршіндерге арналған кітапқа үлкендерде қызығушылық танытты. Ал алғашқы сабақ қала басшысының дәрісімен басталды. Оған, Алматыдағы барлық мектептер онлайн түрде қосылды. Бүгінде "Шаңырақ" және "Қалқаман" шағын аудандарындағы №26 және 157 мектептерге "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша 900 орынға арналған қосымша ғимараттар салынды. Қазіргі таңда, №156 мектепке 600 орындық жапсарлас салынуда. Ал, Наурызбай ауданында инвесторды тарту арқылы 1200 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан басқа Медеу ауданында 700 орынға арналған тағы бір білім ошағы аяқталуға жақын. Бұлардың барлығы қазақ тілінде білім беретін оқу орындары. Айта кетейік, жаңа маусымда оқушылар саны жылдағыдан 16 мыңға артық. Ал бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер саны 4 мыңға көп . Үмбетәлі МЕЙМЕШ, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы