Алматыда 500 орынды жекеменшік мектеп есігін айқара ашады

 Алматыда 500 орынды жекеменшік мектеп есігін айқара ашады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жуырда 4 бірдей балабақшаның құрылысы басталады. Одан бөлек, 500 оқушыға шақталған мектеп іргесін қалайды. Әлеуметтік нысандарды тұрғызуға жеке кәсіпкерлер ниет танытып отыр. Олар тіпті 1500-ден астам пәтерлі көп қабатты баспана салуды жоспарлаған. Қалалық кеңес мүшелері қаржыгерлердің 5 бірдей тың жобасын бірауыздан мақұлдады.

Келесі оқу жылында Алматыда 500 орынды жекеменшік мектеп есігін айқара ашады. Білім ордасы Бостандық ауданына қарасты, Ерменсай ықшамауданының 13 мың шаршы аумағына тұрғызылады. Заманауи үлгіде жасалынатын ғимаратты құрылысшылар түгелдей жарықтандырмақшы. Ал маңайға теннис корды мен бассейн де салу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асырушылар бұл мектепте білім алу құны арзан болады деп отыр. Сондай-ақ жыл сайын 20 балаға жаңа мектептен тегін білім алуға арнайы грант бөлмекші.

«Кәсіпкерлердің мектептерге инвестиция салғаны өте қолайлы. Білім беру мекемелерінің көп болғаны бізге жақсы. Қаламызда жекеменшік мектеп саны көп болса, бәсекелестік те артады. Соның арқасында қазір жұмыс істеп жатқан жекеменшік мектептер бағасын төмендетіп, білім сапасын арттыруға тырысады. Алматы қаласы білім ордасы болғандықтан, көшті бастап тұрмыз. Сондықтан бұл көрсеткіштен түспей, білім беру ошақтарын да жетілдіруіміз қажет», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қала құрылысының кеңесі бұл жобаның маңыздылығын бір ауыздан мақұлдап, кәсіпкерлерге құрылысты бастауға рұқсат етті. Кәсіпкерлер мектепті келесі жаңа оқу жылында пайдалануға береді. Жаңа білім ордасында 150 жұмыс орны құрылмақ.

«Біздің мектепте балалар жаңа заманға сай оқып, бейімделіп шығатын болады. Білім беруде заманауи ІТ технологияларды қолданамыз. Сондықтан ІТ технологиялар қарқынды дамыған Оңтүстік Корей елінен ұстаздар шақыруды жоспарлап отырмыз. Әрі шығармашылық пен спортқа да мән беретін боламыз. Әртүрлі үйірмелер ашып, мықты бапкерлерді дәріс беруге жұмылдырамыз», - деді Құрылыс компаниясының директоры Ольга ПАК.

Бұдан бөлек, кеңесте 4 бірдей тұрғын үй кешенінің құрылысы мақұлданды. Нәтижесінде, алдағы 2-3 жылда Алмалы, Бостандық және Медеу ауданында 1 мың 558 пәтерлі тұрғын үй бой тұрғызылады. Кәсіпкерлер, тұрғын үй кешендерінің маңайын көгалдандырып, тұрақ мәселесін де шешуі тиіс. Салынатын үйлерде 1600 орынды автотұрақ қарастырылған.

«Біз құрылысты цимбрид атты заманауи материалмен жасаймыз. Бұл бұрын-соңды Алматыдағы ғимараттарға қолданылмаған болатын. Қазір Астана қаласындағы кешендер осы құрылыс материалының көмегімен салынып жатыр. Бұл материалдың артықшылығы - ғимаратты түтін мен ыстан жақсы сақтайды. Яғни сырты тез кірлемей, ұзақ жылдар бойы өңін бермей жаңа күйінде тұрады. Жалпы біздің үш жобамыз мақұлданды. Біз де өз кезегімізде мемлекетке пайда тигізіп, балабақша салып беруді ұйғардық», - деді құрылыс компаниясының директоры Айдос МҰҚАТАЕВ.

Тұрғын үй салатын кәсіпкерлер бөбекжайлардағы орын тапшылығын азайту мақсатында 295 орынды 4 балабақша салмақшы. Оның біреуін қаланың меншігіне беруді көздеп отыр. Әрі Медеу ауданындағы бір мектептің сыйымдылығын арттыру үшін қосымша құрылысты бастамақ.

«Бүгінгі қала құрылысының кеңесі өте маңызды. Біз 43 млрд теңге инвестиция салынатын үлкен жобаларды мақұлдап отырмыз. Соның арқасында құрылыс кезінде 2300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Ал, шаруаның барлығы  аяқталған соң тұрақты 100 адам еңбекпен қамтылады. 1550-ден астам пәтер салынады. Бұл жұмыстарға мемлекеттен қаржы шығындалмайды, барлығы жекеменшік инвестицияның арқасында жүзеге асады», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қала құрылысының кеңесі білім беру саласы мен шаһарды дамыту жолында ауқымды жобаларды қолға алған кәсіпкерлерге қолдау білдіретін жеткізді. Бүгінгі мақұлданған жобалар «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде жүзеге аспақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров