|
27.11.2017 | 16:53
5090

Ұлы дала елінің жыршылары Алматы төрінде бас қосты

Ұлы дала елінің жыршылары Алматы төрінде бас қосты

Ұлы дала елінің жыршылары Алматы төрінде бас қосты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестивальге алыс-жақын түркі халықтарының жыршылары да арнайы келіпті. Жыршылар түркітілдес халықтардың дәстүріндегі эпикалық жыраулық өнердің мән-маңызына назар аударады. Аталмыш шара туралы толығырақ айтып беру үшін студиямен тікелей байланысқа әріптесім Азамат Әуезхан шыққалы тұр. Азамат, биылғы жыр фестиваліне қай елдердің жыршылары келді? Олар кімнің шығармаларын орындайды?

- Иә, Нұрсұлтан, Алматы төрінде осы уақытқа дейін түрлі жыршылар фестивалі ұйымдастырылды. Бірақ бүгінгі шараның жөні бөлек, жосығы ерек екендігін айта кету керек.  Бұл жыр кешінде көрермен тек қазақстандық өнерпаздардың ғана емес, алыс-жақын түркі халықтары жыршыларының да өнерін тамашалауда. Нақтырақ айтқанда, Сыр, Орал, Маңғыстау өңірінің хас шеберлері, бүгінгі қазақ жыршыларының ақсақалдары Хатимолла Бердіғалиев, Бидас Рүстембеков, Өсербай Сәрсенбаев  бастаған жыршы-термешілерімізбен қатар, Өзбекстан, Түркімен,  Қарақалпақ елдерінен келген жыршылар да өнер көрсетеді. Шара шымылдығын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек түрді.

«Қайырлы кеш өнер сүйер, ән сүйер қауым! Алматылықтар және қала қонақтары! Құрметті елші мырза! Бүгін ел өнері мен мәдениеттің қасиетті ордасы Алматы қаласында төртінші рет «Бағаналы ордам, басты ордам» тақырыбында өтіп жатқан Ұлы дала елі халықаралық жыршылар фестивалінде өздеріңізбен жүздесіп отқаныма өте қуаныштымын», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қала әкімі өз сөзінде былтыр Алматы қаласының 1000 жылдығы тойлану барысында Ұлы дала елі фестиваліне Түркия, Қарақалпақстан, Әзірбайжан елдерінен бас-аяғы 40-ға жуық жыршы қатысқандығын айта кетті.  

«Алпамыс дастанын алып айтатын болсақ, алпамыс дастаны қазақ халқында көбінесе бұл домбырамен жырланады. Біздің халықта Алпамысты жыраулар жырлайды, бұлар қолдарына қобыз алып жырлайды. Хәм жыр дауыспенен жырла ады. Бұл тек сол жағымен парқылануы мүмкін. Бірақ дастанның мазмұны бірдей десек қателеспейміз», - деді Қарақалпақстанның халық жырауы Бақберген СЫРЫМБЕТОВ.  

Сахнада Мұрат Мөңкенің «Үш қиян» дастаны, Сүгірдің толғауы, Нартайдың бастауы, Майлықожаның «Жақсы бір адам қартайса» термесі, Балтабасов Түменнің «Маңғыстау» дастаны орындалады. Өзбекестаннан келген Шодмон Хужамбердиевтің орындауындағы  «Көрұғлы» дастаны, Қарақалпақстандық Бақберген Сырымбетовтің орындауындағы «Халық» термесі көрермен көңілінен шығары сөзсіз. Түркменстандық жыраулардың орындауындағы «Көроғлы» жыры да атадан балаға мұра боп, бүгінгі заманға жетіп отыр. Жоғарыда атап өткен өнерпаздардан бөлек, бүгінгі кеште жас жыршылар да халық алдына шықпақ. Нақтырақ айтқанда, Уатхан Шаттық, Жұлдыз Ысқақова және Рауан Әбілбаев ұлт мұрасының тұнығынан нәр татырмақ. Айта кетейік, бүгінгі фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен өткізіліп отыр.

- Нұрсұлтан, сөз тізгінін өзіңе бердім.

- Рахмет! Құрметті көрермен бізбен байланысқа шыққан Азамат Әуезхан болатын. Ал, біз хабарымызды өзге жаңалықтармен жалғастырамыз.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир