«Қазақстандағы реформалар: талдамалы көзқарас». Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжеғали Сағадиевтің осындай жаңа кітабы жарыққа шықты. Ғалым барлық сараптамалық материалдарын топтастырған. Еңбек ағылшын тілінде жазылған. Туындының таныстырылымына мемлекет хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек арнайы келді.
«Ел экономикасының дамуы мен мемлекет гүлденуі тақырыбында 100-ден астам ғылыми мақала жаздыңыз. Сол еңбектеріңіздің жарқын көрінісі ретінде ағылшын тіліндегі «Қазақстандағы реформалар: талдамалы көзқарас» кітабыңыз жарық көруде. Тәуелсіздік жылдарындағы ел экономикасының аса маңызды мәселелеріне жасалған жүйелі шолу қоғамның түрлі салаларының дамуына байланысты өткір көзқарас ғылым жолындағы өрісі биік, ойы азат жастарымыздың қай-қайсысына болмасын, таптырмас еңбек екендігі даусыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
«Экономика - менің өмірде таңдап алған мамандығым. Осы мамандығым бойынша анау кішкентай кезімнен соның сырларын білуге тырыстым. Әр уақытта да соның жаңалықтарына құлағымды түріп жүрдім. Ал енді мына жаңа заман, егемендік заман, нарық реформасы басталған кезде тікелей соған араласуға тура келді. Менің қызметтерім де сол болды», - деді Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали САҒАДИЕВ.