Қазақстанда ең бірінші экомешіт ашылды

Қазақстанда ең бірінші экомешіт ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада ерекше мешіт ашылды. Бір уақытта 750 адам сиятын мешіттің сәулеті мен сәні ерекше. Төбеден қарағанда гүл іспетті көрінетін жаңа мешіттің атауы  - «Алла гүлі» деп аталады. Оған Ырыскелді қажының аты берілді.

«Халыққа енді пайдалануға берілген мешіттің құрылысы екі жылға жуық жалғасқан. Оның көз тартар әсемдігі мен өзгеше сәулеті көптің көңілінен шықты десек те болады. Дегенмен, бұл мінәжат үйінің тағы бір ерекшелігі бар. Ол - Алла үйінің толықтай баламалы қуат көзінен жарық алуы.

Осыдан біраз уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аралаған мешіт сәулетшісі сыртқы келбетіне ерекше мән берген. «Алла гүлі» атты мешіт биіктен қараған жанға гүл іспеттес көрінеді, - дейді сәулетші. Мұнара биіктігі 43 метрден артық. Ол «қасиетті қалам» формасына ұқсатылып жасалған. Тағы бір ерекшелігі - бұл Қазақстандағы ең бірінші экомешіт.

«Кереметі - бұл жаңа технология. Күн батарея дейді ғой, осыны пайдаланғанда, электр қуат ақшасыз. Ол электр қуатты және қойған арнайы батареялар мешітке пайда әкеледі. Артық энергия - мешітке қаражат»,-деді сәулетші Сағындық ЖАНБОЛАТОВ.

Қабырғалары ақ, ашық түсті ғимаратта бір уақытта 750 адам намаз оқи алады. Күмбездің айналасында Алланың тоқсан тоғыз аты жазылған. Құлшылық жасайтын қауымның бет түзейтін «миxрабы» да өзгеше салынған. Көп мешіттердегідей ол қабырғаға тақалмаған. Шариғатқа қайшы болмай, күні-түні нысан іші жарық болсын деген ниетпен бері шығарылған. Отандық құрылыс материалдарынан салынған нысанда «Құран Кәрім» қабырғасы да бар.

«Осы бір орам, ешкімге бір керек емес, бір батпақ болып жатқан жер еді. Осында, білесіздер, жаңа үйлер салынып, мемлекет қызметкерлері, басқа халықтың шоғырланған жері. Осы жерде бір мешіт керек болған. Міне, Алланың қалауымен азаматтар келіп, осы жерде гүлдендіріп, дүниежүзіне лайықты Алланың үйі, ғибадат ететін орында салып берді»,-деді Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы Жақия Қажы АБДОЛЛАҰЛЫ.

Алла үйіне жұмсалған қаражат жомарт жандар мен қайырымдылық қордан түскен ақшаға салынған. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында үлкен сыйлық болды, - дейді көпшілік. 

Бұл Астанада бой көтерген тоғызыншы мінәжат үйі. Айта кетейік, қазіргі таңда еліміз бойынша 2600 мешіт  жұмыс істеп тұр.   



Новости партнеров