Отандық кондитер өнімі мен сусындар қымбаттауы мүмкін

Отандық кондитер өнімі мен сусындар қымбаттауы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық кондитер өнімі және сусын құны 3 есе қымбаттауы мүмкін. Оған Кеден одағы аумағына өзге мемлекеттерден қанттың импортталуына шектеу қойылуы себеп көрінеді. Өндірушілердің сөзінше, мұндай шешім ертең Ереван қаласында өтетін отырыста қабылдануы ықтимал.

Шоколад, кәмпит және алкогольсіз сусын өндірушілері дабыл қағуда. Кәсіпкерлердің дүрлігуіне ресейлік қант тасымалдаушыларының сөзі түрткі болған. Олардың айтуынша, кеден одағына мүше мемлекеттерге шикізатты импорттауға тыйым салынады. Қазіргі таңда қазақстандық тауар өндірушілеріне өзге мемлекеттен қант жеткізуде инвестициялық жеңілдік бар. Яғни, сатып алуға баж салығы салынбайды. Егер Ереванда өтетін кездесуде тараптар Кедендік одақтан тыс мемлекеттерден құрамында қанты бар өнімдерді алуға шектеу қойса, 30 пайыз баж салығы қосылатын болады.

«Толық өзіміздің зауыттар қамтамасыз етсе, бізге ондай жеңілдіктер керек емес. Сондықтан, егер де статистика бойынша айтататын болсақ. 2016-да қант зауыттарымен 457002 тонна қант шығарылған. Импорт бізде 104 мың тонна барлығын қосқан кезде 506 мың тонна бізге керекті қанттың көлемі»,- деді Қазақстан кондитерлер қауымдастығының вице-президенті, Ерлан АХМЕТОВ.

Отандық кондитерлердің сөзінше, нарықта қант бағасын реттеуді ресей өндірушілері қолға алмақ. Демек, оның құнын нарықтағы жағдайға емес, өздерінің қалауынша белгілейді. Бүгінде елімізде кондитер саласындағы қажеттілік жылына 90 мың тонна. Оның ішінде тек 10 мың тонна ғана кедендік одақ елдерінен тасымалданбайды. Ал, сусын өндіру үшін 110 мың тонна импортталады. 

«2017 жылдың маусым және тамыз айы аралығында кәсіпорындарда қант тапшылығы сезілді. Оған техникалық жағдай себеп болды. Осы уақыт аралығында ресейлік серіктестерде қант бағасы 30 пайызға өсті. Лондон тауар биржасы экстра класстағы ақ қантты сондай бағада ұсынуда»,- деді ҚР Алкогольсіз сусындар өндірушілері қауымдастығының атқарушы директоры, Әлия МАМЫТБАЕВА.

Қазір қантты сатып алу құны тоннасына 450 доллар. Отандық тауар өндірушілердің айтуынша, шикізаттың 50 теңгеге қымбаттауы қалталарына әсер етеді. Сондықтан, бағаның құбылуын кәсіпкерлер өз есебінен жауып отыр. 

«Негізінде біздің мемлекетімізде келісім бар ғой ЕВРАЗЕС жөнінде жазылған негізгі қағидалары бәрі теңдей болу керек. Барлық мемлекеттің мүддесі ескерілуі керек. Бізде негізгі сол. Сондықтан, 2009 жылы қабылдаған шешім дұрыс деп танимыз. Ол шешімді тек қана Қазақстан қабылдаған жоқ Ресей мемлекетіне де қатысты. Беларуське де қатысты барлығы коллегиально қабылдаған. Сондықтан, ол шешімді бір адамның айтуымен ауызекі айтумен жойып ЕВРАЗЕС қағидалары қайда? Қалай қолданамыз»,- деді Қазақстан кондитерлер қауымдастығының вице-президенті, Ерлан АХМЕТОВ.

Елімізде қант қажеттілігі жылына 550 мың тонна. Оның ішінде 82 пайызын жергілікті өндірушілер өндіреді. Оның қуаттылығын арттыру әзірге шешілмей отыр. Кондитерлердің сөзінше, қант қызылшасы және құрғақ қанты егісін арттыруға бірнеше жыл қажет.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, "Алматы" телеарнасы


Новости партнеров