Қуандық Бишімбаев 12 жылға сотталуы мүмкін

Қуандық Бишімбаев 12 жылға сотталуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгін Астанада Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта 1 миллиард 200 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев пен басқа да 22 айыпты азаматқа қатысты іс бойынша жарыссөздер өтті. Соттағы өзгеде жаңалықтар жайын тікелей қосылымдағы әріптесіміз Нұржан Сәдірбай айтып беруге дайын.

-Нұржан, қайырлы кеш! Сотта Қуандық Бишімбаев пен басқа да айыпталушыларға қатысты  прокурорлар қандай мәліметтер айтты?

-Қайырлы кеш, Тоғжан! Біріншіден айтарым, бір жылдан артық ел назарындағы экс-министр мен 22 фигурантардың сот отырысы әншейінде ашық түрде өтетін еді, бірақ бұл жолы журналистерді сот залына кіргізбеді. Жарыссөздер таңғы 10-нан  басталып, бірнеше сағат бұрын ғана аяқталды. Прокурорлар істің мән-жайын айтып, сотта зерттелген дәлелдемелердің сараптамасы «сотталушының айыбын толық әшкерелеп тұрғанын» мәлімдеді.

«Сот алдында қылмыстың қалай болғанын көрсетіп, іс бойынша табылған дәлелдерге сараптама жүргіздік. Бұл сотталушыға тағылып отырған айыпты нақты дәлелдеп отыр. Келтірілген дәлелдер тексерілген, ойға қонымды, ал оларды біріктіріп қараса, айыпталушының қылмысты жасағаны жеткілікті түрде расталды», - деді мемлекеттік айыптаушы Сәуле СЫДЫҚОВА.

Осылайша, прокурорлар елге қызмет етудің орнына жеке басының мүддесін, баюын Қуандық Бишімбаев алғашқы орынға қойған, деді. Ол жемқорлыққа өзі барып қана қоймай, қарамағындағыларды ақша жымқыруға итермелеген, барғандарды - қолпаштап, қолдаған.

«Өкінішке қарай, Бишімбаев халқы мен Президентіне қызмет етудің орнына жеке мүддесін маңызды деп санап, қылмыс жолымен баюды көздеген. Бишімбаевтың қылмыстық әрекетінің қоғамға қаупі осындай жоғары лауазым мен жауапкершілікті мойнына ала отырып, мемлекеттік орган министрі бола тұра, жемқорлық қылмысын өзі ғана жасамай, өз қарамағындағылардың мұндай теріс қылықтарын қолдап, мадақтап, мемлекет берген қызметтік өкілетін өз мақсатына пайдалана отырып, кәсіпкерлерді аса ірі көлемде пара беруге итермелеп, бюджеттің миллиардтаған қаражатын жымқыруында», - деді мемлекеттік айыптаушы Сәуле СЫДЫҚОВА.

-Прокурорлар сұраған мерзімі мен жазаларын оқығанда айыпталушылар  қандай күйде болды? 

-Басты күдікті Қуаныш Бишімбаевты монитордан көріп отырып, ешқандай артық мінез танытқанын немесе қобалжығанын байқамадым. Прокурор Әлібек Айтжанов еліміздің  Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігі, 189-бабының 4-пункті, 366-бабының 4-бөлігі бойынша айыпты деп тануды сұрап, 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесуін сұрады.

«Қуандық Бишімбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырып, жеке меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілеп, өмір бойына мемлекеттік органдарда және коммерциялық ұйымдарда басшылық орындарындағы қызметке орналасу құқығынан айыруды, жазаны барынша қауіпсіздендірілген қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтетуді ұсынамыз. ҚР Президентіне Қуандық Бишімбаевты «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс жолдаймыз», - деді  мемлекеттік айыптаушы Әлібек АЙТЖАНОВ.

Басқа да 22 фигуранттар жасаған істеріне қатысты қос прокурор кезек-кезекпен қандай жазаға тарту туралы өз сұрауларын оқып жатты. Ең жеңіл деген жаза түрлеріне тергеуге о бастан белсенді түрде атсалысқандары іліккендігін айта кеткен жөн. Тағы бір жайт, Қуандық Бишімбаев бұған дейін абақтыда «арнайы контингент» өзін арандатпаққа тырысып жатыр деген мәлімдеме жасаған болатын.  Оның айтуынша, изоляторда өзімен бірге отыратындар «ел басшылығының абыройы мен қадыр-қасиетін қаралайтын түсініксіз әңгімеге тартып, сол арқылы арандатпақ әрекеттер қолданып келеді. Осы орайда ол соттан өзін арандатушылық әрекеттерден оқшаулауды сұрады.


Новости партнеров