Ақтөбе облысында автобуста тірідей жанып кеткен 52 адамның өлімі ескерусіз қалмайды

Ақтөбе облысында автобуста тірідей жанып кеткен 52 адамның өлімі ескерусіз қалмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысындағы автобус апатынан тірідей жанып кеткен 52 азаматтың өліміне кінәлілер тиісті жазаларын алу қажет. Халық қалаулылары дәл осы сауалды Мәжілістің жалпы отырысында көтеріп, Бас прокурор мен Ішкі істер министріне арнайы сауал жолдады. Жиында Еуразиялық Экономикалық Одақ аясындағы кедендік баж салығы да сөз болды.

Сәрсенбінің сәтті күнінде депутаттар Ақтөбе облысындағы қайғылы жағдайды еске түсірді. Тірідей жанып кеткен 52 азаматтың өлімі ескерусіз қалмау керек, дейді. Адам тағдырына балта шапқандар сот алдында жауап беруі тиіс. Төменгі палата депутаты Тұрғын Сыздықовтың пікірінше, мұнда көші-қон қызметі комитеті мен көлік инспекциясының жұмысын тексеру қажет. Айтылған ой назарсыз қалмас үшін, ол Ішкі істер министрі мен Бас прокурорға сауал жолдады.

«Тиісті сұрақ көші-қон қызметкерлеріне де қойылуы тиіс. Себебі, көлеңкелі құрылымдар мүмкіндігінше біздің елімізді «заңсыз жұмыс істейтіндерді»  контрабандалық жолмен өзге мемлекетке жеткізу  үшін «транзиттік дәлізге» айналдырғысы келеді. Көбіне мұндай жағдай шекара түйіскен аймақтарда жиі орын алып жатады», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Тұрғын СЫЗДЫҚОВ.

Алқалы отырыста министрлер де төбе көрсетті. Әрі, ЕЭО аясындағы баж салығын қозғап, жаңа құжатты талқылауды ұсынды. Белгілі болғандай, осы уақытқа дейін мемлекеттер арасында көрсетілген салықтардың пайыздық көрсеткіштері әр түрлі болған. Жаңадан қолға алынған құжат яғни, ЕЭО аясындағы протоколды ратификациялау мен жүзеге асыру өз кезегінде мемлекеттердің баж салығын біркелкі етіп, одан түсетін пайданың бірдей бөлінуіне мүмкіндік бермек. Сөз соңында депутаттар жаңа құжатты мақұлдады.

«Бірінші Қазақстан Республикасы және Армения республикасы Одақтың бірыңғай кедендік тарифінен алып қоюларын есепке алмау. Екінші Армения республикасының нормативтерін  Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы есебінен 0,11 пайызға қайта қарау», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Қоғамдық ұйымдарға қатысты да жаңа заң жобасы қарастырылды. Енді үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік мемлекеттік тапсырыстарға емін - еркін қатысуға, ойда жүрген ұсыныстарын тікелей мемлекеттік органдарға жолдауға, әрі әлеуметке қатысты ақпараттарды ешбір кездергісіз алатын болады. Мемлекеттік тапсырыс жүргізу алдында қажетті аудитория анықталып, оның пікірі ескеріледі. Айта кетейік, бүгінгі таңда аталмыш салада 29 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр.

«Әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қандай баға берері, әрине, маңызды. Дегенмен мұндай істерде тұрғындардың пікірі дұрыс болады. Сондықтан бұл бағалау қоғамдық ұйымдардың қызметіне тікелей қатысты болуы тиіс. Бізге осыны екінші оқылымға дейін ескеру керек. Себебі, әлеуметтік тапсырысты орындау кезінде бар күш қызмет сапасын арттыруға бағытталуы қажет», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Сонымен қатар, депутат Артур Платонов елімізге кіріп жатқан шетелдік өнімдерге тоқталып, оның денсаулыққа зияндығына алаңдайтынын айтты. Себебі, көбіне балаларға арналған өнімдер, тез дайындалатын тағамдар құрамында химиялық қоспаның мөлшерден тыс екені анықталған. Сөйте тұра, орамасында ондай қоспаның бар екені көрсетілмепті. Осыған орай, Денсаулық сақтау министріне депутаттық сауал жолдап, осы шаруаны бір жүйеге келтіруін сұрады.

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров