Мәскеудегі оқу орнының терезесінен құлап, мерт болған студент Томирис Байсафаның ісін ресейлік омбудсмен назарға алады. Бұл туралы Астанада балалар қылмысына арналған конференцияда айтылды. Бұған дейін бойжеткеннің ата-анасы тергеу амалдарына кедергі болып жатқан жағдайлар бар деген болатын.
Томирис Байсафа сәуір айында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының төртінші қабатынан құлап, екі жеті жансақтау бөлімінде жатып6 мерт болған еді. 1997 жылғы бойжеткеннің өліміне қатысты ақпарат көздерінде бірнеше нұсқау айтылды. Бірінде қыз өз-өзіне қол салған десе, екіншісі Дағыстан Үкіметінің бұрынғы басшысының ұлы, әрі Томиристың сүйіктісі оны терезеден итеріп жіберді делінген еді. Қыздың жақындары оқиғаның ақ-қарасын анықтау үшін басталған тергеу амалдарына кедергі болып жатқан жайттар бар екендігін де айтқан.
«Марқұм қыздың ата-анасымен тілдестік. Олардың айтуынша, тергеуде процессуалдық заңбұзушылықтар бар, мамандар іске атүсті қарап, тек бір куәгердің айтқанымен ғана болған оқиғаны анықталып жатыр. Біз өзге елдің тергеу амалдарына кірісе алмаймыз. Бірақ біз ресейлік өз әріптестерімізден барлық жұмыстар ашық, әрі әділ өтсін деп көмек сұрадық. Енді бұл істі Ресейдің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова өз назарына алмақ»,-деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар ШӘКІРОВ
Балалар қылмысы жайында өткен іс-шарада олардың құқығы да сөз болды. Енді елімізде қиындық, зәбір көрсе кімге, қайда жүгіну керектігі көрсетілетін «Балалар кодексі» қолға алынбақ. Құжатқа үш заң жобасы енбек. Жиында шымкенттік зорланды делінген бала жағдайы да сөз болды. Бала құқығы жөніндегі уәкіл тергеу жұмыстарына кедергі жасамауды сұрады.
«Олар жұмыс істеп жатыр. Оған кіріспеймін. Бірақ жағдайын біліп отырамын. Оны қазір айтпайын. Бір өтініш - біткен кезде бәрін анық айтып берем. Не болды, қалай болды»,-деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, бала құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа БӘЛИЕВА.
Ал ЮНИСЕФ ұйымының мәліметінше, Қазақстанда соңғы 10 жылда балалар қылмысы әжептеуір төмендеген.
«Қазақстанда балалар қылмысы азайған. Осыдан 7-8 жыл бұрын жыл сайын 400-ден астам жасөспірім арнайы мекемеде өз жазасын өтеген болса, бүгінде әр үш айда түзету орындарына келіп түсетіндер саны 50-ге де жетпейді. Есесіне, кәмелет жасқа толмағандарға қатысты ересектердің қылмысы елде азаймай тұр»,-деді БҰҰ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы балалар қорының өкілі Юрий ОКСАМИТНЫЙ.
Дегенмен еліміздегі жағдай жақсарғанымен, кейбір өңірлерде көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Бір қызығы, бас қала - Астанада жасөспірімдердің түрлі заңбұзушылыққа бару фактілері артқан. 2017 жылы Астанада кәмелет жасқа жетпегендер 64 қылмыс жасаса, биыл жыл басынан бері 93 оқиға тіркеліпті.