Медеу ауданына қарасты 7 үйдің тұрғындары жарықсыз отыр

Медеу ауданына қарасты 7 үйдің тұрғындары жарықсыз отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жарықсыз қалған тағы бір аудан. Медеу ауданына қарасты 7 үйдің тұрғындары жарықсыз отыр. Подъездер мен аулалар электр энергиясынсыз тұрғанына бір аптадан асыпты. Ал тұрғындар мұндай бейберекет пәтер иелері кооперативінің жүгенсіз жұмыс жүргізгендігінен деп отыр. ПИК басшысын тұрғындардың көрмегеніне жарты жылдан асқан. Төлемақысын ай сайын жауып отырған халық қаржыларының қайда кетіп жатқанын білмей дал.

Уәлиханов пен Мәметова көшелерінің қиылысында орналасқан мына үйді бір аптадан бері түнек басқан. Электрэнергиясының жоқтығынан подъездерде бейнекамера жүйесі мен домофон істемей тұр. Тұрғындар тіпті кіреберісті  үй-күйсіз жүргендер жайлап кетті деп абыржулы. Ал жарық үшін ай сайын уақытын оздырмай төлеп отырған халық неге жарықсыз қалғандарын түсіне алар емес.

«Біздің үйдің бейнебақылау жүйесі, домофоны жоқ, бір сөзбен айтқанда жарықтан қағылдық. Ал ПИК басшылары ешқандай шара қолданбай жатыр. Тіпті қазір кімнің төраға екенін де түсінбей қалдық. Әрқайсысы әр нәрсені айтады. Біздің шотымызды бұғаттап тастаған көрінеді. Бірақ біз ешқандай құжат көрмедік, мүмкін бұрынғы төраға жиналған қаржыны ұрлап, бізден қашып жүрген шығар деп ойлаймыз»,- деді Қала тұрғыны, Сусанна ТОРГАЕВА.

«Менің көзім нашар көреді. Подъезде, үй ауласында жүруге қорқатын болдым. Мен ПИК төрағасы қаржыны жымқырып кеткен деп ойлаймын. Бір кездері ол келіп, үйдің шатырын ауыстыру керек деп бәрімізден 150-200 мың теңгедей ақша жинауымызды айтты. Алайда сол күйі ешқандай құжат ештеңе көрсетпеді»,- деді Қала тұрғыны, Елена СУДАКОВА.

Осылайша тұрғындардың ПИК төрағасына деген сенімі сөнген. Тіпті жарты жылдан бері көзге түспегендіктен, жұрт оны алаяқтық жасаған деп пайымдап отыр. «Қызмет» пәтер иелері кооперативі салық пен апаттық қызметтерге, аула жұмысшыларына төленетін ақыларды да жаппапты. Ал жарыққа төленетін қарыз сомасы 300 мың теңгеге жеткен.  

«Қаңтар айынан бастап «Қызмет» пәтер иелерінің кооперативі бізге электрэнергиясы үшін тиісті ай сайын төленетін ақыны төлемеді. Біз оларға бірнеше рет ескерту жібердік. Еш нәтиже болмаған соң, маусымның 1-нен бастап жарықты қиюға тура келді. Алдымен қарыздары 253 мыңнан болған, енді 290 мың теңгеден асып кетті»,- деді «АЛМАТЫЭНЕРГОСБЫТ» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, Самат АРИШЕВ.

Тұрғындардың сөзінше, ПИК төрағасы өткен жылы қызметтік демалысқа шығып, сол күйі орнына оралмапты. Пәтер иелері төрағамен әлі күнге хабарласа алмай отыр. Ал өзін қазіргі ПИК төрағасымын деп таныстырған Рахима Жаназарованың айтуынша, Ковтунов кетерінде бірлестіктің бүкіл құжатын Сақтапберген Боранбаев есімді азаматқа берген. Алайда ол басшы да мәселені шешуге асықпағандықтан, тұрғындар төрағаны қайта сайлайды. Не керек 4 адамнан тұратын басшылық сайланып, төрағалыққа Рахима Жаназарова келеді.

«Боранбаев әлі күнге бізге құжаттарды берер емес. Біз Медеу аудандық сотына арыздандық. 18 сәуірде Сот біздің пайдамызға шешім қабылдады. Яғни, Боранбаевтан барлық құжаттарды талап етуге шешім шығарды»,- деді «Қызмет» ПИК төрайымының міндетін атқарушы, Рахима ЖАНАЗАРОВА.

«Олар менің бүкіл құжаттарды, мөрлерді алып бермей отыр деп айтып жатыр. Ондай ештеңе жоқ. Ол құжаттар бастапқыдан бері менде болған. Қайта керісінше, олар ПИК кеңсесіне, бухгалтерия кабинетіне, рұқсатсыз кіріп алды. ПИК төрағасы Ковтунец демалысқа кеткен болатын, қайтарда қайта келуі керек еді. Бірақ оның денсаулығы сыр беріп, жүрегі бірнеше рет ұстап ауруханаға түсті. Әлі де емделіп жатыр»,- деді «Қызмет» ПИК басқармасының міндетін атқарушы, Сақтапберген БОРАНБАЕВ.

Екі жақ төрағалыққа таласып жүргенде, екі ортада жарықсыз халық қалды. Белгілі болғандай, тұрғындардың бар жинаған ақшасы банкте тұрған көрінеді. Алайда, ПИК төрағасы жаңа жылда қайта тіркеуден өтпегеннен кейін банк есепшотты бұғаттап тастағанға ұқсайды. Енді тұрғындарға электрэнергиясы қашан қосылатыны белгісіз.

Назкен Байтілес, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров