Елімізде информатика пәні бірінші сыныптан бастап оқытылуы мүмкін

Елімізде информатика пәні бірінші сыныптан бастап оқытылуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы уақытта мектеп табалдырығын енді аттаған 1-ші сынып оқушылары компьютер тілін бірден меңгеруге кірісуі мүмкін. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі электрондық техника әлемін тану, бағдарлама жазуды ерте бастан үйрену цифрландыру бағдарламасы аясында қолға алынбақ. Министр қазір осы жағдай бойынша жоба жасалып жатыр, деді. Информатика сабағын бірден өту - өтпеуді тек ведомство ғана емес, қоғам мен мұғалімдер де талқылайтын болады.

«Бізде информатика пәні мектепте бесінші сыныптан бастап оқытылады. Ал биыл үшінші сыныптан басталады. Сонымен қатар, 1-5 сыныптарда информатика пәніндегі программалау тілдері қайта қарастырылатын болады. Программалау тілдері тез өзгеріп отырады. Сондықтан біздің балалар ең соңғы программалармен оқуы керек болып тұр»,- деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Цифландыру аясында қозғалған тағы бір мәселе - мектептердегі электрондық және қағаз журналдармен жұмыс жайы. Депутаттар қазіргі оқу ордаларында  екі түрлі журналдардың бірге жүргізілуіне тыйым салынса да, ұстаздар екеуінде жүргізуге мұқтаж екендігін айтып, наразылық танытты. Әсіресе, халық қалаулысы Наталья Жұмадiлдаева осы жайтқа бей-жай қарамау керектігін айтты.

«Бұйрық бар. Дегенмен, электрондық журнал әр тоқсан қорытындысы бойынша ақпараттық жүйеден алынып, басып шығарылып, буып-түйiледi. Содан кейiн директор қолтаңбасы мен бiлiм беру ұйымының мөрi қойылады. Яғни, әр тоқсанның соңында мұғалiм мәлiметтi алып, басып шығаруы тиiс. Бұл оның қағаз журналдың көшiрмесiн жасауы керек деген сөз. Осындай жағдайда электрондық журналдың мәнi қандай? Және оның қағаз түрiндегi нұсқасына тыйым салудың не қажетi бар?», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Наталья ЖҰМАДIЛДАЕВА.

 «Көптеген мұғалiмдер ақпарат жоғалып кетедi деп қорқады. Сондықтан бiз уақытша шара ретiнде әр тоқсанда бiр рет мәлiметтер базасынан ақпарат алып, басып шығаруға рұқсат бердiк. Болашақта ұстаздардың барлығының оқушылар бағасы қауiпсiздiкте екенiне, ешқайда жоғалып кетпейтiнiне көздерi жетсе, бiз бұл талапты алып тастай аламыз. Бiрақ мұғалiмдер өздерi сұрағандықтан, бұл қадамға бардық», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Бұдан басқа Үкімет сағатында киберқауіпсіздік бағытындағы мамандардың санын арттыру жоспарланғаны сөз болды. Елімізде енді осы мамандыққа түсем дегендерге  оқу гранттары көбейеді. Бүгінде Қазақстанда ІТ мамандықтары бойынша білім алатындардың басым бөлігін «Болашақ» бағдарламасы дайындап келеді. Осы уақытқа дейін аталған сала бойынша 1000 студент оқу бітірсе,  оның 10 пайызы «Болашақ» түлектері.  Олар Ұлыбритания, Америка, Малайзия, Канада, Сингапур сынды елдердің үздік университеттерін тәмамдаған.



Новости партнеров