Суретші Анар Әбжанова "Қазақстанның 100 жаңа есіміне" лайық деп танылды

Суретші Анар Әбжанова "Қазақстанның 100 жаңа есіміне" лайық деп танылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қағылез мінезді қыздың сурет салуға деген құлшынысы үш жастан байқала бастаса керек. Анар Әбжанованың анасы қызының кішкентайындағы қалам мен қағазға құмартқанын жазушы, ақындыққа балапты. Алайда көп уақыт өтпей Анар түрлі бейнелерді кескіндей бастаған екен. Базаркүл апа дәл осы үш жасында бөбегінің құлағында бір мүкістік барын білген көрінеді.

«Екі, үш жастарында құлағы естімейтінін сол кезде байқадық. Бірақ сол үш жасында қолына сумкамды алып алып, карандаш алып қабырғаларға сурет сала беретін. Суретті салып, жылап маған қалам сап бер деп, ойыншықпен ойнамайды. Тек бірнәрселерді салып жүретін түсініксіз нәрселерді. Мен сол кезде байқадым қарым қабілетін», - деді  Анар Әбжанованың анасы Базаркүл РӘТҚЫЗЫ.

Анардың құлағы естімегенімен, оның құдай берген талабы таудай. Отыздан енді ғана асса да қазақ атын әлемнің өнер ареналарына танытып үлгерген. Жастайынан «Шабыт», «Самғау» сияқты жарыс атаулының бәріне қатысып, ең биік деген жүлделерді иеленген. Талантқа тұсау жоқ екенін тағы дәлелдеп, Анар Сабырбекқызы Жапония, Ресей, Италия, АҚШ сынды алпауыт елдерде халықаралық бейнелеу өнерінің байқауларына атсалысып, бас жүлделерге қол жеткізіпті. Суретшінің 20 жұмысы Париж бен Лувр көрмелеріне қойылып, еуропаның Сандро Боттичелли сыйлығының лауреаты атанған. 

«Біз мақтан тұтамыз. Себебі, Боттичелли номинациясын алды. Содан кейін бүкіл суретшілердің арманы ғой Луврда көрмегесіне қатысу. Біз Луврда көрмеге қатысып, бір бөркімізді аспанға аттық десек болады», - деді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінің деканы Бауыржан БӘЙДІЛДӘ.

Анардың дарынын дамытуға үлесін қосқан ұстаздары «оның бойында түрлі реңктерді үйлестіріп беруде өзіндік ерекше көзқарасы бар», - дейді. Қылқалам шеберін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынған да осы мұғалімдері екен.

«Сурет өнері - бұл менің өмірім. Адам өмірде мақсатына жетуге талпына білуі керек. Менің сондай армандарымның бірі өнер арқылы елімді, Отанымды жаһанға жақсы жағынан көрсеткім келеді. Маған сенім білдіріп, талантыма шүбә келтірмеген ұстаздарыма алғысым шексіз», - деді суретші Анар ӘБЖАНОВА.

Мыңнан астам картинаның авторы Анар Әбжанова қазір қазақтың бас өнер академиясында шәкірт тәрбиелейді. Оның ерек қолтаңбасы бар картиналары алыстан-ақ менмұндалап тұратындай. Суретші шығармаларының басым бөлігін ел табиғатына, қала тіршілігіне арнаған. Пейзаждардағы керемет қанық түстер оның елге деген сүйіспеншілігінен сыр шертетіндей әсер қалдырады.

Назкен Байтілес, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров