|
05.09.2018 | 18:31
2841

Алматыда жуырда 7 кәсіпорын іске қосылады

Алматыда жуырда 7 кәсіпорын іске қосылады

Биыл Алматының индустриалды аймағында тағы да 7 кәсіпорын іске қосылады. Өндіріс орындары мұнай өндірісіне қажетті құбырлар, өнімді орайтын арнайы жұқа пленкалар, медицинада бір реттік қолданылатын заттар мен архитектуралық декоративті қасбет жасауға кіріспек. Ал келесі жылы тағы да 13 зауыт өз жұмысын бастайды.

«Индустриалды аймақта 2021 жылы ең соңғы кәсіпорын іске қосылады. Ол балмұздақ шығаратын ең үлкен фабрика болмақ. Қазір өндіріс ошағының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Біздің болжам бойынша 3 жылдың ішінде бұл аймақта өз ісін бастауға ниет білдіретін резиденттердің саны 60-қа жетеді», – деді «Алматы индустриалды аймағы» ЖШС бөлім жетекшісі Тимофей МУНАРЕВ.  

2021 жылға дейін индустриалды аймақта нақты келісім бойынша 41 жоба жүзеге асырылады. Әйтсе де, инновациялық кәсіпорын ашуға қауқарлы іскерлердің бастамасына тосқауыл жоқ. Керісінше, қалалық әкімдік тарапы инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізіп, салықтық түсімдерді түсіріп беруге әзір.  

«41 жобаға тартылатын инвестиция көлемі – 155 миллиард теңге. Есесіне, 5 мың  адам жұмыспен қамтылмақ. Бүгінде бес компания өз жұмысын сәтті жүргізуде. Күні кеше ғана металл габион торын жасайтын автоматтандырылған өндіріс іске қосылды. Тың идеясы бар бизнес өкілдері үшін Алатау ауданындағы аймақ –кәсіпорын үшін тарпырмас аумақ. Мұнда қажетті барлық жағдай жасалған. Сондықтан жаңа жобаларын ұсынушыларға қолғабыс етуге әзірміз», – деді «Алматы индустриалды аймағы» ЖШС бөлім жетекшісі Тимофей МУНАРЕВ.

Кеше ғана Алматыға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды аймақтың жұмыс істеу қарқынымен танысқан болатын. Елбасы металл габион торларын шығаратын Tokyo Rope Almaty зауытын және электр кабелдерін жасайтын кәсіпорынды аралап шықты. Аталған аймақта жұмыс істейтін жұмысшылар Президентке жалақыдан тарықпайтынын, керісінше, өндіріс қуаттылығының еселеніп жатқанын жеткізді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен еуропалық сапаға сай жұмыс істеу үшін тәжірибені одан әрі арттыру керек екенін баса айтқан-ды.  



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир