Астана әуежайында тәркіленген сұңқарлар қырылып жатыр

Астана әуежайында тәркіленген сұңқарлар қырылып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астана әуежайында тәркіленген ақ сұңқарлар бірінен соң бірі қырылып жатыр. Өйткені, контрабандалық топ бағалы құстарды сөмкеге қатты буындырып, байлап салған. Салдарынан, олар ауа жетпей тұншығып қалған. Қазір тәркіленген 23 ақ сұңқардың үшеуі өлген. Ал тірі қалған жиырмасының күйі тым нашар. Қызыл кітапқа енген құстар Алматыдағы «Сұңқар» тәлімбағына өткізіліпті. Ондағы мамандар қанаттыларды күтіп баптап, қажетті ем көрсетіп жатыр. Дегенмен, бағалы құстардың қаншасы аман қалары белгісіз. Айта кетсек, бұл сұңқарлар «Астана-Дубай» халықаралық бағытындағы рейсін тексеру кезінде тәркіленген. Тауар анықтамасы ілінбеген 3 қара сөмке шекарашылардың назарын аударған болатын. Сөйтсе, күдікті сөмкелерден сұңқар тұқымдасына жататын 23 жыртқыш құс табылған.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 339 бабы бойынша бірыңғай реестрде бұл тіркелді. Іс ендігі таңда Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесінің өсімін молайту бойынша, бұйрық бойынша бұл жануарлар дүниесіне келтірілген зиян бойынша әрбір ақ сұңқарға 200 АЕК айыппұл салынады. Бұл сирек кездесетін ақ сұңқар болғаннан кейін әрбір көрсеткіш 3 есе еселенеді. Бүгінгі таңда мемлекетке келтірілген шығын 4 млн 329 мың теңгені құрайды», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен ДІЛДАХМЕТ.

Қазір құнды құстарды Біріккен Араб Әмірлігіне заңсыз алып өтіп, оңай олжаға батпақ болғандар іздестіріліп жатыр. Күдіктілер қолға түссе, бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Ал тірі қалған ақ сұңқарлар сауыққан соң, оларды табиғат аясына қайта ұшыру жоспарланып отыр.


Новости партнеров