Қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің туындылары ағылшын тілінде жарық көрді. Астанада біртуар қаламгердің «Кісі киік» кітабының тұсауы кесілді. Жинақта жазушының онға жуық новеллосы мен шағын әңгімелері басылған. Тәржімалауға ел аудармашылары мен Ұлыбритания мамандары мұрындық болған. Жинақты оқырман қауымға таныстырған белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин қазақ әдебиетінің ағылшын тіліне аударылуы - оның әлемге танылу жолында үлкен әрі батыл қадамы, деді. Естеріңізде болса, бұған дейін Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Олжас Сүлейменов пен Әбіш Кекілбаев және Герольд Бельгер, Смағұл Елубайдың кітаптары ағылшын тілінде басып шығарылған еді.
«Қазақ әдебиеті бай, керемет, талантты прозамыз бар. Соны ең бірінші біз ағылшын тіліне аударуымыз керек. Неге? Сен жазушы ретінде, сен ағылшын тіліңде болмасаң, жазушы ретінде жер бетінде жоқсың деген сөз. Өкінішке орай, солай», - деді халықаралық қазақ «пен» клубының президенті Бигелді ҒАБДУЛЛИН.