«Алматы-Қапшағай» тас жолындағы экобекетте СОБР қызметкерін қағып мерт қылған жүк көлігінің жүргізушісі сот алдында жауап берді. Ол кінәсін тек жартылай ғана мойындап отыр. Айтуынша, полиция капитаны Жандос Нұрғазиевтің өліміне бірінші жолақта келе жатқан камаз жүргізушісі кінәлі. Жалпы қызметте жүрген сақшының қаза болуына қандай жағдай түрткі болды?
Жедел әрекет ету жасағының қызметкері Жандос Нұрғазиевтің қапыда қаза тапқанына 5 ай өтсе де, туыстары қаралы хабардан әлі күнге ес жия алмай жүр. Бүгінгі сот отырысына марқұмның жан жары, туған-туыс, дос-жараны түгел жиылды. Прокурор айыпталу актісіндегі сол күнгі сұмдықты жіпке тізгені сол еді, ескі жараның беті қайта тырналғандай болды. Жантүршігерлік оқиға 26 маусымда «Алматы-Қапшағай» тас жолындағы полиция бекетінің тура алдында болған еді. Жандос Нұрғазиев жол бойында тәртіп бұзғандарды бақылауға шыққан өзге де полицейлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұрған. Алайда, оқыс оқиға орын алды. Бекеттегі полицей екінші жолақта келе жатқан жүк көлігін тоқтатуға нұсқау береді. Әлгі жүргізуші бірден бірінші жолаққа шығып, апат туғызады. Салдарынан, жол бойында тұрған Жандос Нұрғазиевті қағып, ол сол жерде тіл тартпай кеткен еді.
«Есенбаев жол ережесін өрескел бұзды. Ол бірінші жолақта келе жатқан камазды өткізіп жібермей, өзі жол шетіне шығуға әрекеттенеді. Сол тұста камаз Есенбаев тізгіндеген «Ман» маркілі жүк көлігімен соқтығысады. Жол бөлісе алмаған екі ауыр техника бекеттің маңында тұрған СОБР қызметкері Жандос Нұрғазиевті қағады. Ауыр соққыдан Ол сол жерде қаза болды», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданы прокуратурасы бөлімнің аға прокуроры Төреқұл САПАРҒАЛИ.
Алайда, қазір кепілдік арқылы бостандықта жүрген сотталушы Рахымжан Есенбаевтың айтар өз уәжі бар. Алматы облысынан Шымкентке жүк әкетіп бара жатқан ол экобекетке келе жатқанда жылдамдықты азайтқан көрінеді. Ал, жол сақшысының нұсқауынан соң, жан-жағын бақылап барып бірінші жолаққа бұрылыпты.
«Инспектор Әшірбаев мені тоқтатқанын алыстан байқадым да, бұрылу белгісін қосып бірінші жолаққа қарай шығуға ыңғайландым. Артымда 20 метр алыста камаз келе жатқан. Экобекеттің жанында СОБР қызметкерін көрдім. Оны әдейі қақпаймын ғой? Жанынан 5-6 метр өтіп барып көлігімді тоқтатып, түсуге қамданып жатыр едім, гүрс ете қалды. Менің артқы жағымнан камаз қағып, көлігімді алдыға итеріп жіберді, басым жарақаттанды. Ал, камаз жүргізушісі жолдан алқапқа шығып барып бірақ тоқтады», - деді күдікті Рахымжан ЕСЕНБАЕВ.
Десе де, камаз жүргізушісі Андрей Бедусенко күдіктінің бұл жауабын жоққа шығарды. Құм тасып, нәпақасын табатын ол сол күні экобекет маңынан 3-ші мәрте өтіпті. Әрі, бекет маңында радар орналасқанынан да хабардар болған. Айтуынша, ол Есенбаевтың жүк көлігін жол бойында келе жатып жанынан ұрған.
«Мен қақтығысты болдырмау үшін барымды салдым. Бірақ, камазда 30 тонна құм тиелген болатын. Әрі жүк көлігі бұрылғанда ара қашықтығымыз алыс болмағасын ауыр техниканы тоқтатып үлгермедім», - деді куәгер Андрей БЕДУСЕНКО.
¤Қос тараптың жауабын мұқият тыңдаған марқұмның туыстарының тілегі бір. Олар шиеттей балаларды жетім етіп, әкесінен айырғандар тиісті жазасын алса екен дейді.
«Балам асыраушым, жалғыз ұлым болған. Артында 2 қызы, 1 ұлі қалды. Бұған шүкіршілік етем немерелерімнің барына. Артында ұрпағы қалды. Дегенмен, жүрегімізге үлкен салмақ түсіріп тұр. Енді әділдігін, соттан сұраймыз», - деді марқұмның әкесі Азатқали НҰРҒАЗИЕВ.¤
«Олар алдымызға келген емес, көңіл де сұраған жоқ. Міне жолдасымның қаза болғанына 5 ай өтті. Келсе де, олар бізге керісінше, көңіл айтуға емес, әкелерін жақтап «әкеміз кінәлі емес, ол ешқашан да сотталмайды, жазасын алмайды», деп бізге керісінше ұрысып кетті», - деді марқұмның жары Мадина НҰРҒАЗИЕВА.
Жандос Нұрғазиевтің балаларының алды 4-ке енді толған болса, кенжесінің өмірге келгеніне 3 ай ғана болыпты. Марқұмның жары бұған дейін жұмыс істемей, бала тәрбиесімен үйде отырған екен. Енді, отбасының жалғыз асыраушысын мерт қылғандардан Нұрғазиевтер әулеті моральдік және материалдық шығын талап етпек. Айта кетсек, сақшыны қаққан Есенбаевтың кінәсі толық дәлелденсе Ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол 345 баптың 3 тармағы, яғни абайсыздықтан адам қағу дерегі бойынша істі болып отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы