Өткенді еске алмасаң, болашақ бұлыңғыр. Қан майданда кеудесін оққа тосып, ұрпақтың бейбіт күнін қалыптастырып кеткен ардагерлердің саны жыл санап азайып барады. Майдан даласында ерлік көрсеткен батырлармен кездесулер мектепте, жоғары оқу орындарында жиі ұйымдастырылып тұрады.
Адамзат баласы басынан өткерген сұрапыл соғыс талай жүректерге жазылмас жара салды. Фашистермен бетпе-бет келгенде Михаил Савельев 17 жаста ғана болған. Сұм соғыстың қасіретін ардагер бір сәт естен шығарған емес. Ол сұрапыл соғыста ән айтып, жігіттерді рухтандырғанын еске алады.
«Әскерге дейін ән айтатынмын. Балалайкада ойнағанды жақсы көремін. Ұлы Отан соғысыныцң алдында мен Жапониямен соғысқа аттанғанмын. Сол уақытта ол шайқастан бұрын екінші дүниежүзілік соғысына жіберді. Жеңіске жеткен соң, Жапон соғысына қатыстым», - деді Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил САВЕЛЬЕВ.
Әнге деген құштарлығы кейін де басылған емес. Ол қазір ардагерлерден құралған хорда ән салады. Тоқсанды алқымдаған Михаил атайдың айтуынша, 9 мамырды асыға күтеді. Соғыстың зұлмат заманын бастан өткерген ол үшін жеңіс мерекесінен артық мейрам жоқ. Алматыдағы №27 гимназия оқушылары жауынгерлерге арнап шағын концерт ұйымдастырды. Білім ошағында ардагер майдан даласында басынан өткерген қиыншылықтары мен жеңіске қалай жеткенін жастарға баяндап берді.
Білім ордасы Жеңіс мерекесіне орай арнайы көрме ашқан. Оқушылар соғысқа қатысқан өз аталары мен апаларының суреттерін ілген. Одан бөлек, балалардың қолынан шыққан туындылары да қойылған.
«Мерекемізде Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысуда. Сол кісілердің де суреттері бар. Жылда өткізетін біздің жұмысымыз. Себебі ұстаздың ең бірінші мақсаты - ол Отан сүйетін жақсы азамат тәрбиелеу», - деді Алматы қаласы №27 гимназияның директоры Айна ӘБДИЕВА.
Бейбіт өмір сыйлаған екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен мұндай кездесулер мектепте жиі ұйымдастырылып тұрады, дейді мектеп басшылығы. Алдағы уақытта 53 сынып оқушысымен кездесулер өтпек.
Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы