Алматыда жеңіл рельсті көліктер жүйесін салуға 80 пайыз қаражат мемлекеттік бюджет есебінен қарастырылса, вагондар мен техникалық құрамды сатып алуға қазынадан тек 20 пайыз қаржы шығады. Ал, қалған шығынның барлығы кәсіпкердің мойнына жүктеледі. Өйткені, жеңіл рельсті көліктер іске қосылғасын қаржы құйған инвесторға 25 жылға жалға беріледі. Қазір Алматыда жеңіл рельсті көліктер жүйесін жүзеге асыруға арналған жобалау кеңсесі құрылды. Ондағылар тың жобаны пысықтап жатыр. Жауаптылар келесі бірінші жартыжылдықта жеңіл рельсті көліктерді салу үшін арнайы конкурс өткізіп, инвесторды таңдайды. Қазірдің өзінде бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қытай, Түркия елдерінің кәсіпкерлері мен шетелдік және отандық ірі компания өкілдері қызығып отыр екен.
«Жеңіл рельсті көліктер метросын салатын инвестор барлық техниканы, жүретін вагондарды өзі сатып алады. Кәсіпкер жеңіл рельсті көліктерді өзі 25 жыл емін-еркін қолданып, қаржы табады. Демек, инвестор жобаны сапалы етіп жасайды. Екіншіден, техникалық құрамды да сапалы таңдап, ұқыпты ұстайды», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.
Айта кетсек, трамвайдың орнына іске қосылатын жеңіл рельсті көліктер Алматыда 2020 жылға қарай пайда болады. Көліктің бұл түрі алып шаһарда тәулігіне 60 мыңнан астам жолаушы тасымалдайды. Ал, жеңіл рельсті көлік депосы Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта орналаспақ. Бағыт бойынша ол Момышұлы –Төле би - Панфилов - Астана алаңын қиып өтіп, Райымбек даңғылына келіп тіреледі. Жол ұзындығы 22,9 шақырымды құрайды. Экологияға залал келтірмейтін 36 бірлік қоғамдық көлік алынбақ.