Алматыда аудан әкімдері әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

Алматыда аудан әкімдері әйелдер қауымын мерекемен құттықтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Медеу, Әуезов, Наурызбай мен Алатау аудандарының әкімдіктері әйелдер қауымын келе жатқан мерекемен құттықтады. Нәзік жандыларға концерттік бағдарлама дайындалып, сый-құрмет көрсетілді. Жас аналарға алтын және күміс алқа да табысталды. 

Әуезов ауданының тұрғыны 95 жастағы Любовь Орлова Ұлы Отан соғысы басталғанда небәрі 18 жаста еді. Сол кезде қайсар қыз тайсалмастан темір ұстасы болып жұмыс істепті. Қазір еткен еңбегінің еленіп, елдің алдында абыройлы болып жүргеніне қуанышты. Көктемнің алғашқы күндерінде аталып өтетін мерекені ерлер қауымы қашанда елеусіз қалдырмаса екен деген игі тілегі бар.

«Жасым келді деп үйде отырмаймын. Бәріңізге де өмірлеріңізді мәнді де мағыналы етіп өткізуді тілеймін. Еліміз аман болса, әйелдер үшін маңызды мерекені тойлай беретініміз анық. Жалпы елдің өркендеуінде әйелдің алар орны орасан», - деді тыл ардагері Любовь ОРЛОВА.

Ал Медеу ауданының әкімдігі 700-ден астам түрлі сала мамандарының басын қосып, дүбірлетіп концерт өткізді. Келгендердің арасында қатардағы аула сыпырушыдан бастап, дәрігер, ұстаз бен көп балалы аналар, елге ерен еңбегі сіңген қайраткерлер де бар. Ең бастысы олар ауданның өркендеуіне аямай ат салысқан.

«Әйелдердің қоғамдағы орны туралы. Әйелдердің осы мемлекетімізді дамытуға қосып жатқан үлесі туралы. Жалпы бала тәрбиесіндегі, біздің адамзаттың өмірінде әйелдің қосар үлесі деген сияқты. Осының барлығы айтылуға тиісті», - деді ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Шәмшә БЕРКІМБАЕВА.

Алматының Наурызбай мен Алатау ауданы да қыз-келіншектерді ерекше құттықтауға асықты. Ерлер қауымы қызғалдақ гүлдері мен сыйлықтарын табыстап, аудан басшысы ерен еңбегімен көзге түскен түрлі сала қызметкеріне алғыс білдірді.

Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров