Елімізде заң жүзінде бет-әлпетті тұмшалауға тыйым салынды

Елімізде заң жүзінде бет-әлпетті тұмшалауға тыйым салынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бет-әлпетті тұмшалайтын киім Қазақстанда тыйым санатына жатқызылуы әбден мүмкін. Араб елдерінің дәстүрлі киімі - никабты жамылуға шектеу қою туралы әңгіме бұған дейін талай айтылды. Бірақ заң жүзінде шектеу мәселесі бүгін ғана Мәжілісте қаралды. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қәлетаев ұсынған заң жобасын депутаттар бүге-шүгесіне дейін зерттеді.

Бүгінгі жиында депутаттар бірнеше заң жобасын іріктеуден өткізді. Әуелі «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Бұрынғы министр Нұрлан Ермекбаев бастаған сұрақтарға бүгін нүкте қойылғандай болды. Дархан Қалетаев ұсынған заң жобасы үш бөліктен тұрады. Деструктивті ағымдардың иделогиясына тыйым салып, атрибуттар мен сыртқы белгілерге шектеу қою мақсатында «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» сынды ұғымдар еніп отыр. Яғни, ол іс жүзінде қоғамдық орындарда бетті тұмшалауға тыйым салу арқылы іске асады.

«Жобада бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу көзделген. Айта кетейін, мұндай нормалар Бельгияның, Францияның, Болгарияның, Австрияның және басқа да бірқатар мемлекеттердің заңдарында қолданылады. Бұл норма дінге ғана қатысты емес, сол себепті ол «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға енгізіліп отыр», - деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан КӘЛЕТАЕВ.

Ведомство басшысы көтерген кезекті мәселе діни қызмет субьектілерінің құқықтары мен міндеттерін анықтау төңірегінде болды. Жобада сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлердің дінде ұстанатын әдебі  де белгіленген. Заң бойынша, ешбір жұмысшы қызметін діни бірлестіктің мүддесіне пайдалана алмайды, ешкімді діни қызметке мәжбүрлемейді, діни бірлестік құруға, болмаса мүшесі болуға тыйым салынады.

«Балалар мен жасөспірімдерді ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз салттар мен жораларға тартпауды нормативтік тұрғыда  бекіту ұсынылады. Шетелдерде діни білім алу реттелетін болады. Жобаға Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттерде діни білім алуына елімізде жоғарғы діни білім алғаннан кейін ғана жол берілетіні туралы норма енгізіледі», - деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан КӘЛЕТАЕВ.

Сонымен қатар, алдағы уақытта мешіттен тыс жерлерде неке қиюға жол берілмейді. Аталмыш талапты бұзғандар қомақты айыппұл арқалайды -  дейді министр.

«Діни жолмен некеге тұруға ниет білдірген адамдардың біреуі ғибадат ғимаратына келе алмайтын жағдайда (ауыр науқастануы, мүгедектігі, бас бостандығынан айыру орындарында болуы),  бұл діни рәсімді медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын адамдардың қатысуымен тіркелген діни бірлестіктің өкілі жүргізе алады», - деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан КӘЛЕТАЕВ.

Дархан Қалетаев діни бірлестіктердің қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша да нормалар ұсынылғанын атап өтті. Ведомство өкілдері шетелдік әріптестерінің, нақтырақ айтқанда Бельгия, Франция, Болгария, Австрия елдерінің заңын терең зерттеп, қажеттісін игілікке қолданған. Депутаттар мемлекеттік маңызы бар бұл құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.


Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров