Өрімдей қызды өлтірген күдікті оқиғаның қалай болғанын баяндап берді

Өрімдей қызды өлтірген күдікті оқиғаның қалай болғанын баяндап берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мектеп оқушысын зорлап, артынша қызды өлтірген педофил озбыр оқиғаның қалай болғанын баяндады. Тапа тал түсте өрімдей қызды тұншықтырып өлтірген қаскөй істеген қылмысын еш қымсынбастан көрсетіп те берді. Шығыс қазақстан облысының тумасы туған балдызын айуандықпен өлтірсе де, өзіне ауыр жаза тағайындалмаса екен деген арсыз тілегін де жеткізіп үлгерді.

Бөтенге емес, өзінің ет жақын балдызын буындырып өлтірген Дәурен полицейлерге  әрекетін көрсетіп жатыр. Тергеушілерге тәптіштеп түсіндіріп жатқан қаскөй 31-наурыз күні, түскі сағат он екі шамасында оқушы  қызды осы бөлмеде зорлап, артынша тұншықтырып өлтірген.

«Ішіп алғаннан кейін, оған тиісе бастадым. Мұның барлығы қай уақытта болғаны есімде жоқ. Сағат 12-де немесе бірде болды. Жыныстық қатынсақа түскен соң ол маған оқиғаны туыстарыма айтам деді. Мен оны бірден тұншықтырдым»,- деді Күдікті, Дәурен МҰСЫЛМАНОВ.   

35 жастағы Дәуреннің айтуынша, ішімдіктің салдарынан осы оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын ол әйелімен ұрысып қалған. Әйелі болса, балаларын алып, Ұзынағаштағы туыстарына кетіп қалған. 31 наурызда оның әйелі жұмысқа шығуы керек екен. Бірақ  әйелі 17 жастағы Әйгерім мен балаларын жіберіпті. Сол күні күдікті сәбилерді аулаға ойнауға жіберсе, Әйгерім туысынан еш қауіптенбей, пәтерді жинасуға кіріскен. 

«Сосын мен оны киіндіріп, төсектің астына тығып, жамылғымен жауып тастадым. Осы кезде есік қағылды. Балалар сырттан келді. Олар су ішіп, нан жеп болған соң қайтадан сыртқа шықты. Тағы да арақ іштім. Балконға шықсам, онда палас тұр екен. Соны жайып, мәйітті соған орадым. Екі жағын скотчпен орап, диванның астына тығып қойдым»,- деді Күдікті, Дәурен МҰСЫЛМАНОВ. 

Жасаған әрекеті үшін жазаланатынын ойлағанда қаскөй балаларын ұйықтатып, өзі үйдегі ақшаны ала қашып кеткен. Ал арманда ажал құшқан қыз арада бір күн өткен соң табылса, қашқын екі тәуліктен соң тұтқындалды. Азғынның үстінен кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау және қасақана адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.  Ал мектепті жуырда бітіріп, оқуға түсуді мақсат еткен қаршадай қыз кеше жер қойнына тапсырылды. 

«Тінту барысында олардың уақытша жалдап тұрып жатқан пәтеріне кәмелеттік жасқа толмаған қыздың мәйіті табылды. Диванның астынан табылған мәйіттің Қожахметова Әйгерім есімді Ұзынағаштың тұрғыны екені белгілі болды. Ал күдікті Алматы -Бішкек жолының бойындағы қонақ үйлердің біріне түнеп, ертеңінде Талдықорған бағытына билет алған»,- деді Алматы облысы Қарасай аудандық ІІБ тергеушісі, Әлихан ҚҰЛБАЕВ.  

Елімізде жас балаларға зорлық көрсеткендер заң бойынша кемінде 15 жылдан бастап өмірінің соңына дейін жазаға кесіледі. Ал қайын жұртын қан қақсатып, балдызын айуандық әрекетпен өлтірген зұлым өзіне кесілер жазаның жеңіл емес екенін естігенде балалары үшін өмір сүргім келеді деп міз бақпады. Жалпы, ел көлемінде қазір бұндай педофилдік қылмысымен 1200 астам адам абақтыда жазасын өтеп жатыр. Ал келесі жылдан бастап азғындыққа барған айуандарды  тек соттап қана қоймай,  химиялық кастрацияға да кеспек.

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров