Қазақстанда көздің қасаң қабығын ауыстыруға 700 адам мұқтаж

Қазақстанда көздің қасаң қабығын ауыстыруға 700 адам мұқтаж
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұдан-былай Қазақстанда көздің қасаң қабығын ауыстыру мүмкіндігі артпақ. Алайда, донорлар - АҚШ азаматтары. Көздің консервіленген мөлдір үлдірі Алматыға Америка құрама штатынан жеткізіледі. Мұхит асып келген тауарға деген сұраныс қандай? Неліктен операция жасату үшін  АҚШ-қа телміруге мүдделіміз? 

80 жастағы Нұржамал әжейдің жанары  нашарлай бастағанына 17 жылдың жүзі болған.  Дертіне дер кезінде мән бермегендіктен глаукома диагнозымен бетпе-бет келуіне тура келіпті. Ал, дәрігерлер қарт анаға дереу ота жасау қажеттігін айтқан, Әйтпесе, бір көздегі ауру екінші көзге шауып кетуі мүмкін депті. Сөйтіп, Нұржамал Ақылбайқызына қаза болған америкалықтың қасаң қабығы орнатылды. Небәрі жарты сағаттық отаның сәтті өткеніне, алғыстан басқа айтары жоқ. 

«Аллаға тәубә! Келіп көңілім көтеріліп қалды. Рахмет балаларға», - деді  Нұржамал Жүнісова.

Бүгінде көздің мөлдір қабығын ауыстыру елімізде күйіп тұрған мәселе. Өйткені елімізде көз қабығын мәйіттен ойып алған күннің өзінде де науқасқа  24 сағаттың ішінде трасплантация жасап үлгеру қажет. Ал жан тәсілім еткен адамның туыстары көбіне мұндайға келісе бермейді. Нәтижесінде жылына ары кетсе 8 адамға донорлық ота жасалады. Ал көздің қасаң қабығын ауыстыруға 700 адам мұқтаж. Осыны ескерген дәрігерлер, АҚШ-тағы мамандармен екі жыл бойы үздіксіз келіссөз жүргізген. Нәтижесінде биылдан бастап, бақилық болған адамның қасаң қабығын жіберіп отыруға келісіпті.

«Жыл соңына дейін қасаң қабықты ауыстыру бойынша 24 операция жасау жоспарда бар. Кезекте тұрған 700 адамның 70-інің тек бір ғана көзі жарамды, әйтсе де олар қабығын дер кезінде ауыстыруға мұқтаж. Оған қоса 60-тан астам бала ота жасату мерзімін күтіп отыр. Ал келесі жылы 300 қасаң қабық Америкадан әкелінеді деп күтілуде», - деді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты ақ басқарма төрағасы Марат СҮЛЕЙМЕНОВ.

Бұл ыдыста Америка құрама штатынан әкелінген көздің қасаң қабығы бар. Арнайы консервіленген қабықша небәрі 14 күннің ішінде пайдаланылып үлгеруі керек. Дәл осындай ота бүгін Алматыда 4 адамға жасалынады. Бастысы бұқараға бұл қызмет түрі тегін көрсетіледі екен.

«Ота біткен соң, екі сағаттан кейін науқасты орнынан тұрғызамыз. Бірақ, ауруханада міндетті түрде 11 күн бойы жатуы қажет. Үйге шығарылған соң, бір жыл бойы білікті маманның қарауында болуы шарт. Өйткені, қажетті кеңесті ескермегендер сәтті  жасалған операцияны сәтсізддікке жеткізуі мүмкін», - деді Хирург Нұрлан САБЫРБАЕВ.

Айта кетерлігі 2015 жылға дейін жыл сайын дәрігерлер 120 адамға қасаң қабықты ауыстырып-ақ келген. Әйтсе де, сол жылдан бастап донорлық отаға келісім беретіндердің саны күрт азайып, отандастарымыз үзілді-кесілді қарсы шыға келді. Салдарынан бір жылда екі адам ғана көзінің мөлдір қабығын ауыстыру бақытына ие болған. Ал былтыр небәрі 3-ақ науқас мұндай мүмкіндікті пайдалана алды. Десе де, биылдан бастап бұл мәселенің оң шешімі табылғандығы анық. Ескере кетерлігі, Америкадан жеткізілетін консервіленген көз қабығы тегін беріледі. Өйткені, онда донорлық мәдениет әлдеқайда жорғары дейді ақ халаттылар. Біздің елде бұқараның бұған деген бетбұрысы бір қалыпқа келмейінше, әзірге АҚШ-тан жеткізілетін тауардың тек  лоигистикаға кеткен қаржысын ғана көтеріп отыруымызға тура келеді.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров