Алматыда 9 айға созылған хоккей лигасының жеңімпаздары анықталды. Қазақстанның әр өңірінен келген балалар осы демалыста кім мықтыдан кіл мықтыны анықтады. Әуесқой лига 2016 жылы құрылған. Алғашқы маусымда 7 команда қатысса, осы жолы қатысушылардың саны екі есе артқан. Алдағы уақытта командалар саны отызға жетуі мүмкін. Хоккей федерациясының мәліметінше, қазір Алматыда 700-ден аса жеткіншек спорттың осы түрімен шұғылданады.
Дүбірлі дода жеңімпаздарын марапаттауға қала әкімі Бауыржан Байбек арнайы келді. Кішкентай хоккеистерге сәттілік тілеп, бұқараны спортпен шұғылдануға шақырды.
«Өздеріңіз білетіндей, Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылы осындай керемет мұз айдыны бой көтерді. Бізде 28-ші Қысқы Универсиада өтіп, дүниежүзінде қысқы универсиадалардың ең үздік болып саналды. Бүгінгі осы іс-шаралар универсиаданың жалғасы ретінде халықты қуантады», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
«Алматы Арена» және «Халық Арена» бүгінде халықаралық талаптарға сай, заманауи кешендер. Осы спорт орталықтарында Универсиададан бері түрлі форматтағы 53 шара өтті. Оған 316 мың қала қонақтары мен тұрғындары келіпті. Ал биылдың өзінде 42 шара, 93 чемпионат және 50 әуесқой хоккей лигасын өткізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, әуесқой хоккей лигасына 18 жастан жоғары кез келген азамат қатыса алады. Тек хоккеймен кәсіби түрде ойнамауы керек. Аталған лиганың маусымы қыркүйектен мамыр айына дейін жалғасады. Әр команда 26 ойын өткізеді. Финалда 8 команда өзара бақ сынасады.
«Осы уақытқа дейін бірнеше республикалық турнир өтті. Жақында Алматы қаласының чемпионаты және халықаралық жарыс болды. Қазір қалада балалар жаттығатын 5 клуб бар. Сонымен қатар, «Алматы» кәсіби клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ әуесқой лига да қарқын алып келеді. Жалпы бұл спорт түріне қызығатындар саны жыл санап артуда», - деді Алматы қаласы Хоккей федерациясының президенті Жарқын ӘЛЖАНОВ.