Туристер Алакөлге Алматыдан ұшақ арқылы қатынай алады

Туристер Алакөлге Алматыдан ұшақ арқылы қатынай алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұдан былай туристер Алакөлге Алматыдан ұшақ арқылы қатынай алады. Алматы -Үшарал арасына алғашқы әуе рейсі ашылды. Демалыс аймағына адамдарды таситын ұшақтың құны пойыз жолының бағасындай - ақ. Ұзақ жыл күткен әуе жолының биыл ашылып, әрі бағасының арзан болуына осыдан жиырма күн бұрын Елбасының Алакөлге баруы себеп болған. Ішкі туризмді дамыту бағдарламасы аясында Президенттің сапарынан соң бірден субсидия бөлінген. Енді алматылықтар бұрынғыдай Анталия, Аланияға емес, суы шипа, жанға жайлы Алакөлге асығады деп отыр.

Алматы -Үшарал арасын жалғайтын СRG-200 ұшағына 50 жолаушы сияды. Туристік маусым кезінде ұшақ дүйсенбі, сенбі күндерінен басқа аптасына бес рет рейс жасайды. Жолаушыны 45 минуттың ішінде туристік аймаққа жеткізетін әуе кемесінің бір бағыттағы құны 10 мың теңге тұрады.  

Ұшақ бортында БАҚ өкілдерінен басқа екі жолаушы ғана болды. 600 шақырым ара қашықтықтың азабын тартпай-ақ, жылдам жеткізетін ұшақта жолаушылардың аз болуын ұйымдастырушылар халықтың әлі де ашылған рейс туралы ақпараттың аздығынан дейді. Жаз мезгілінде Алакөлге ағылатын адамдардың көптігі сонша тіпті, пойызға билет табылмай жатады. Сондықтан ұшақтың  бос ұшуы уақытша ғана көрініс дейді басшылар.

«Жолаушылар көп емес. Себебі рейс әлі жарнамаланған жоқ. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Өйткені 15 маусымнан бастап демалушылар легі көбейеді. туристерге қолайлы болу үшін Алматы облысы туризм басқармасымен бірлесе арзан пакеттерді де ұйымдастырып жатырмыз»,-деді Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының президенті Әсел НҮРКЕБАЕВА.  

Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығы президентінің айтуынша, ұшақтың  барып келу  билетімен қоса жеті күнге жату орнының  орташа құнын 36 мыңға сатып алуға болады. Бұл да көлге келушілер ағынының артуына ықпал етпек. Ұзақ жыл жыр болып келген авто жолға биыл халықтық қордан қомақты қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тек Үшарал-Достық арасындағы  184 шақырым  тас жолдың тек биылғы жұмысына 19,4 миллиард теңге бөлінген.

«Ашылып жатқан рейс өздеріңіз жақсы білесіздер, мынау Талдықорған мен Өскемен арасындағы үлкен мына тас жолдың құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі кезде енді жолдың жағдайы құрылыс жұмыстары жүрген соң қиын болғандықтан аудан халқының тұрғындары үшін мына рейс қолайлы жағдай болды. Бұл біздің ауданның тек қана туризм саласына ғана емес экономикасына да көптеген септігін тигізеді»,-деді Алматы облысы Алакөл ауданының әкімі Әлібек ЖАҚАМБАЕВ  

Үшаралдан Алакөлге дейінгі 70 шақырымдық аралыққа әуежайдан тұрақты автобустар қатынайды. Алматы Үшарал әуе қатынасы мемлекеттің  берген 311 миллион теңге субсидиясының арқасында ашылып отыр.  Әуе компанияларының басшылары билеттің өзіндік құны субсидия болмағанда, екі есе қымбат болар еді, - дейді.    

«Сезон кезінде күнде рейс, былтырлары авиакомпания Жетісу ұшқанда Астанадан, Талдықорғаннан  күніне екі рейс жасайтынбыз. Халықтың келуі Алакөлге өте көп. Былтырғы ұшқан адамдардың санына қарап биыл Алматы арасында көп болады деп отырмыз. Біз Үшарал аэропорты ұсыныс түссе комитетпен келісіп Ресейден де самолет қабылдауымызға болады»,-деді "Жетісу" АҚ әуе компаниясының президенті Қалмұхамет ДӨҢСЕБАЕВ.  

Өткен жылы тек Алакөл ауданына келген 750 мың туриске 181 демалыс орны қызмет көрсеткен. Биыл 220 қонақ үй мен пансионат 1 миллион  адамды  қабылдауға қауқарлы. Алакөлдің суы тәнге шипа, жанға дауа. Тұзды көлде  буын мен тері аурулары, қан айналымына көмектесетін радон көрсеткіші жоғары . Ал  мемлекеттің қаржысы арқылы ашылған әуе рейсі желтоқсанға дейін жалғаспақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев Алматы телеарнасы


Новости партнеров