Дайын жүргізуші куәлігін алу үшін енді уақыт жоғалтпауға болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дайын жүргізуші куәлігін алу үшін енді уақыт жоғалтпайсыз. Тіпті, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Пилоттық жоба әзірге еліміздің үш қаласында енгізілді. Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтары одан бөлек басқа да жобаларды қолға алды. Жаңашылдықтармен танысып қайтқан тілші Перизат Көмекбайқызы жалғастырады.

Алматылықтар енді дайын жүргізуші куәлігін алып кету үшін уақыт жоғалтпайды. Бүгіннен бастап күшіне енген өзгеріс бойынша ол қаладағы кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында беріледі. Ол үшін арнайы орынға барудың қажеті жоқ.

Жүргізуші куәлігін өзіңізге Қажетті ХҚКО-нан алып кету үшін, мынадай өтініш қағазын толтыру қажет. Мұнда өзіңізге қатысты барлық мағлұматты және қажетті халыққа қызмет көрсету орталығын көрсетесіз. Құжатты толтыруға бар болғаны 5 минуттай уақыт жұмсалады.

Пилоттық жоба әзірге республиканың үш қаласында іске қосылды. Атап өтер болсақ, Алматы, Астана және Шымкент. Себебі, дәл осы өңірлерде жаңа жүргізуші куәлігін алу үшін көп азаматтар жүгінеді екен. Жыл басынан бері еліміз бойынша 137 мыңнан астам азаматқа көлік жүргізуге рұқсат берілген.  

«Азаматтар жүргізуші куәлігін ауыстыруға немесе жаңадан алу үшін жұмыстан сұранып келіп жасатуы мүмкін. Жарты сағат аралығында қажетті құжаттарды рәсімдеп, қызмет орнына қайта оралуы мүмкін. Куәлік дайын болған соң, оны алып кету үшін арнайы орталыққа келіп үлгермеуі ықтимал. Пилоттық жоба осындай азаматтар үшін енгізілді»,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ филиалы «ХҚКО» департаменті директорының орынбасары, Әсел МАМАЖАНОВА.

Бұдан былай Әуезов аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы түнгі сағат он екіге дейін қызмет көрсетеді. Жүргізуші куәлігін кешкі сағат сегізге дейін алып үлгермегендерге де оңтайлы жағдай жасалды.  

«Түнгі 12-де келіп кез келген анықтамалар алады. Қызмет түрі, мүлік бойынша жасай береді. Бұл әрине көші-қон полициясына қатысы жоқ. Оны да қарастыруы мүмкін. Көшіқон полициясы министрлігімен келіссөз жүргізілуде. Соған байланысты сенбі күні күндізгі бірге дейін істейді. Ал біз болсақ таңғы сағат сегізден, кешкі сегізге дейін сенбі күні де жұмыс істей береміз»,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ филиалы «ХҚКО» департаменті директорының орынбасары, Азамат БИГЕЛЬДИНОВ.

Бұл жоба 31 тамызға дейін жалғасады. Сәтті шыққан жағдайда еліміздің өзге қалаларында жұмыс кестесі өзгертіледі. Атап өтерлігі, қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс істеуде. Олар жұмыссыз азаматтарды тіркеп, 1 шілдеден басталатын міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде өз мәртебеңізді анықтауға ықпалдасады.

Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров