Мемлекет студенттердің тың стартап жобаларын жүзеге асыруға дайын. Алматыда Еуразия технологиялық университетінің жанынан «Стартап академия» ашылды. Білім беру мекемесі жастардың жобаларын коммерцияландыруға көмектеседі. Қазақстан бойынша ашылған 4-ші академияның қандай жетістіктері бар?
Диана Дұшниязова студенттердің стартап жобаларын дамытуға көмектеседі. Ауыл шаруашылығы саласында кең сұранысқа ие болған мына дрон бастан аяғына дейін Қазақстанда жасалған. Ал студенттер былтыр пилоттық жобамен еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20-дан астам шаруашылықта қуатын сынап көріпті. Алдағы уақытта қашықтықтан басқарылатын құрылғыны басқа да салаларға да қолданып көрмек.
«Біздің жобадағы құралдар ауыл шаруашылығы, жер кадастрі саласында өте тиімді. Қазіргі таңда біз Алматы қаласының Жер комитетімен тығыз жұмыс істеудеміз. Жоспарымыз топографиялық карта құру. Бірінші ретте, Қарғалы өзенін түсірдік. Бұл табиғат апаттарын алдын алуға көмектеседі», - деді стартап компаниясының директоры Диана ДҰШНИЯЗОВА.
Сондай-ақ жоғарғы оқу орнында кәсіпкерлікті қолдау кабинеті ашылған. Стартап жобаларды жүзеге асыруға тың идея туындаған жағдайда, бағыт-бағдар беруге дайын. Оған қоса, мемлекет те қаржылай көмек көрсете алады.
«Стартап академияның аясында Алматылық студенттердің барлығына қолдау көрсетіледі. Тек идея болса болғаны, қалғанын біз қаржылай қолдауға дайынбыз. Инвесторларды да тартамыз. Студенттер оқуды бітіргенде жеке кәсіп ашып, жаңа жұмыс орнын құрып, тіпті өнімде шығаруға мүмкіндігі бар», - деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Абай САРҚҰЛОВ.
Былтыр дәл осындай академия Астана, Павлодар және Атырау қалаларында ашылған. Онда 102 студент білімін жетілдіріп, нәтижесінде 17 жоба жүзеге асқан. Жұмыстардың арасында 4 үздік деп танылған жобаға инвестиция тартылыпты.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы