|
08.06.2017 | 09:54
12951

Алматының кез келген тұрғыны қоғамдық тәртіп сақшыларының қатарына қосыла алады

Алматының кез келген тұрғыны қоғамдық тәртіп сақшыларының қатарына қосыла алады

Жұмыссыздар жергілікті полиция қатарында. Қоғамдық тәртіпті бақылайтын еріктілерге енді жалақы төленеді. Ішкі істер департаменті мен халықты жұмыспен қамту орталығы қандай жобаны іске асыруда?

Қалалық Ішкі істер департаменті мен жұмыспен қамту орталығы екі қолға бір күрек таппай жүргендерді қоғамдық тәртіп сақшыларының қатарына қабылдап жатыр. Бұл жобаның ерекшелігі тәртіп сақшыларына көмекші болған еріктілер үшін ақы төленеді. Тіпті, жақсы жұмыс атқарса сыйақы берілуіде әбден мүмкін.

«Біздің есепте тұрған жұмыссыздарды біз жолдамамен жібереміз. Ал ол кісілер оларды жұмысқа уақытша қабылдап, сол кісілерге өздерінің мекемелерінде жұмыс береді. Айлықтары 2 төменгі жалақыны құрайды. Ол ақшамен санағанда 48 мың 918 теңге», - деді халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Айдын БАЙЫРОВ.

Дегенмен, пагон таққан қызметкердің қоғамдық көмекшісі атану үшін бірқатар талаптарға сай болу қажет. Ең алдымен үміткер сотталмаған және әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған болуы шарт. Сондай-ақ қоғамдық жасақ сабында бой түзегісі келетіндер бір айлық дайындықтан өтеді.

«Біз оларды жұмысқа алар кезде, қоғамдық сақшылар алдын ала дайындықтан өтеді. Оларға өз құқықтары мен азаматтардың құқықтары түсіндіріледі. Біршама уақыт бойы үміткерлермен мамандар жұмыс жасайды. Барлық дайындықтан сүрінбей өткендер ғана қабылданады», - деді қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Диас ДУАНБЕКОВ.  

Ішкі істер департаментінің талап тілектеріне сай келіп, дайындықтан сүрінбей өткен Сәбит Сүпірғалиев жарты жылға жуық уақыт бойы жергілікті полицейлермен қоян қолдық жұмыс істеп жүр. Атқарып жатқан қызметі де өзіне ұнайды. Бұл жоба жайлы естігенде ойланбастан келісіп, қоғамдық тәртіпті бақылауға кіріскен

«Мен жұмыспен қамту орталығына хабарласқан кезде олар бірнеше жұмыс ұсынған болатын. Солардың арасында осы қоғамдық тәртіп сақшысы қызметі де болды. Мен бірден бұл жұмысқа қызығып, құжаттарымды тапсырдым», - деді  қоғамдық көмекші Сәбит СҮПІРҒАЛИЕВ.

Сәбит бұл жұмыстың уақытша екеніне ғана қымсынады. Ал, күнделікті халықпен тілесу, учаскілік инспектормен шақыруларға бару, тұрғындарға заң аясында түсіндіру жүргізу сондай-ақ оларға кеңес беру оған ұнайды. Қазіргі уақытта Сәбит секілді Алматы қаласы бойынша 45 қоғамдық тәртіп сақшысы еңбек етуде. Болашақта бұл көрсеткіш артады деген болжам бар.

Нұрсұлтан Біләл, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир