Елімізде алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған онлайн қызмет іске қосылды. Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтары енді есту мүмкіндігі нашар азаматтарға қызмет көрсете алады. Бұл арнайы алдын ала жасақталған жоба, яғни электронды бағдарлама арқылы жүзеге аспақ. Бағдарлама қосалқы экрандағы сурдоаудармашының көмегімен оператор мен тұтынушы арасындағы көпір функциясын атқармақ. Осылайша, жарым жандар өзіне керекті құжатты алуға мүмкіндік ала алады.
Туылғалы тыңдау және сөйлеу қабілетінен айырылған Асхат қоғамдық орындарда қарым-қатынас жасаудың қиынға түсетінін жасырмайды. 40 жастағы алматылық азамат өзіне керек құжаттарды алу үшін қасына міндетті түрде адам ерте жүретін көрінеді. Енгізілген онлайн қызмет оны бей-жай қалдырмаған көрінеді.
«Маған ұнады. Осындай қызмет орнатқандарыңыз үшін алғыс айтамын және бүкіл ел бойынша көбейсе екен. Мен енді орталыққа келіп тұратын боламын», - деді есту қабілеті бойынша ІІ топ мүгедегі Асхат АККУНАШЕВ.
Бұл арнайы алдын ала жасақталған жоба, яғни электронды бағдарлама арқылы жүзеге аспақ. Бағдарлама қосалқы экрандағы сурдоаудармашының көмегімен оператор және тұтынушы арасындағы көпір функциясын атқармақ. Яки, келуші арнайы экранда пайда болған сурдоаудармашыдан өзіне керекті қызметті сұрайды. Ал экран ар жағындағы маман келушінің не қалап тұрғанын операторға жеткізеді. Осылайша, жарым жандар өзіне керекті құжатты алуға мүмкіндік ала алады.
«Сурдоонлайн жобасын біз 2 жылға жуық уақыт әзірледік. Мүмкіндігі шектеулі жандарға және есту қабілеті нашар жандарға қызмет көрсетілмейтінін білгенде аталмыш жобаны ойлап табу идеясы келді. Бұл жоба еліміздің кез келген бұрышынан, 24 сағат бойы, тікелей режимде біздің операторлармен байланысқа шығуға мүмкіндік жасайды», - деді жоба жетекшісі Роман КОДИНЦЕВ.
Әзірге бұл бағдарлама «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы тек Астана мен Алматы қалаларында пилоттық жоба ретінде енгізілді. Қойылған міндетті ақтаса, еліміздің өзге де өңірлеріне таратылады. Аталмыш қызмет түрі «Республикалық Ауған соғысы мүгедектері одағының» бастамасымен ұсынылған екен.
«Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар және есту қабілеті нашар үшін жасалған қызмет. Өте ыңғайлы. Елбасы жолдауында барлық қызмет түрі электрондық жүйеге өту, соның бірінші қадамдары деп білеміз осыны. Барлық қызмет көрсету түрлерін арнайы курстардан өткен екі қызметкер қызмет түрін көрсетеді», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданы ХҚКО бөлім басшысы Қанат АЙМАНОВ.
Дәл қазір жоба бойынша онлайн түрде 10-нан аса сурдоаудармашы мамандар қызмет жасап жатыр екен. Жоба жетекшілері олардың санын 200 адамға дейін көбейту көзделіп отырғанын айтты. Ал Алматының 8 ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы курстарды бітірген білікті 20-ға жуық сурдоаудармашы болса, ел бойынша 865 маман жұмыс істейді.
Назкен Байтілес, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы