Алматыдағы элиталық үйлердің бірі апатты жағдайда тұр

Алматыдағы элиталық үйлердің бірі апатты жағдайда тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы элиталық үйлердің бірі апатты жағдайда тұр. Өйткені, 12 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Жұрт осы уақыт көлемінде ауланы әктеп, сырлауға 70 млн теңгеден астам қаржы құйыпты. Тек жұмыстар әлі күнге дейін жүргізілмей келеді. Сондай-ақ халық жақсы пәтер иелері кооперативіне де жарымадық деп жыларман болып отыр. Өйткені, ай сайын төлеген ақшалары ортақ қорға емес, төрайымның қалтасына кеткен көрінеді.

Бұл Алматыдағы бай-қуатты үйлердің бірі. Тұрғындар мұнда шатыр тесік деп шырылдап отыр. Қаһарын сүйретіп қыс келгенде пәтерлерді су басу қаупі былай тұрсын, 9 қабатты үйде жедел саты істеп шығып қалған екен.

Жедел сатыға мұндағы жұрт жаңбыр мен қарлы ауа райы кезінде мүлде жоламайды. Өйткені, шатырдағы су тура осы жерге келіп құяды екен. Содан ол орта жолда қирап қалама деп қорқады жұрт. Жалпы Жандосов көшесіндегі тұрғындардың осыдан басқа да мәселелері шаш етектен. Айтуларынша, 1980 жылдары салынған үйдің негізі сапасы жақсы. Тек 12 жылдан бері күрделі жөндеу көрмей, қирап жатқан көрінеді. Тұрғындар өз қалтамыздан тұрғын үйді жамаудан әбден шаршадық деп отыр. Өйткені, одан да іс өнбепті.

«Біздің пәтер иелері кооперативінен ешқандай пайдасы жоқ. Қайта зияны көп пе деп ойлаймын. Ай сайын төлеген ақшамызда далаға шашып жүр. Осы уақытқа дейін соттасып келе жатырмыз. Өйткені, ол басқасы ПИК төрайымын таңдауға жол бермей келеді. Бұл бірінші жыл емес. Нәтиже мүлдем жоқ. Үйіміз қирап жатыр», - деді  қала тұрғыны Елена АБЖАНОВА.

Тұрғын үйдің ішінде қабырғалары үгітіліп, баспалдақтары сына бастаған. Әбден ескірген үйде төрайымның өзі де тұртын болып шықты. Тек біздің келгенімізді біліп есігін ашпады.

Бұл үйдегі 280 тұрғын басқа пәтер иелері кооперативін таңдап қойған. Тек бұрынғысы тиісті құжаттарды бермей бастарын қатырып жүр екен. Ал жаңа төрайым бәрін бірден жасауға мүмкіндігім жоқ деп отыр. Өйткені, қорда 70 млн теңгеден астам қаржыдан тиын да қалмапты.

«Инженерлік жүйе, жылу инженерлік трассалары. Содан кейін шатыры нашар. Лифттері нашар. Ол үйдің қаражаты жоқ. Оның бәрін бір сапаға келтіріп жасату үшін бізге үлкен қаражат керек. Қазір мына модернизация бойынша сөйлесіп жатырмыз халықпен. Модерницазия арқылы шатырға толық жөндеу жұмыстарын жасатайық. Болмаса лифтті ауыстырайық. Лифтті жасамай тұрып бізге алдымен төбемізден су ақпау үшін шатырларын жасату керек», - деді «Ильичевский» ПИК төрайымы Гүлім ЖИРЕНБАЕВА.

Бума-бума қағаздарын құшақтаған халық төрайыммен соңына дейін соттаспақ. Келесі отырыс күні белгіленіпті. Ал олар Бостандық ауданының әкімінің қабылдауына барып, мәселеге көмек көрсетуін сұраймыз деп отыр.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров