Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан оқушыны жол патрульдік полиция қызметкерлері қағып кетті.
Жол көлік оқиғасы таңғы сағат тоғыздар шамасында орын алған. Мектепке кетіп бара жатқан оқушы Жангелдин көшесінде орналасқан жүргіншілер жолағынан өтпекші болыпты. Екі көлік тоқтап, баланы өткізіп тұрған. Яғни, Жангелдинде екі жолақ - жоғары қарай және бір жолақ қарсы бағытта - автобустарға арналған жол. Осы қарсы бағыттағы жолмен полиция көлігі жүріп келе жатып, жоғары жылдамдықпен баланы қағып кеткен. Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері жол ережесін бұзып, қашып кетпек болған жүргізушінің ізіне түсеміз деп арнайы тиым салынған жолақтарды кесуге мәжбүр болыпты. Ішкі істер департаменті мұның анық-қанығы әлі тексерілетінін айтты.
«Қазіргі таңда деректер бойынша екі бірдей тексеру жүргізілуде. Бұл қылмыстық кодекстің аясында 145 бап бойынша, яғни жол апаты тексеру амалдары, сонымен қатар олар қызмет бабында болғаннан кейін Алматы қалалық ІІД қарасты өзіндік қауіпсіздік қызметі қызметтік тергеуді жүргізуде. Бұл мән-жай міндетті түрде анықталады»,- деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.
Оқиға орнынан жарақат алған бала тез арада жақын маңдағы № 4 қалалық ауруханаға жеткізілді. Артынша №1 балалар ауруханасына жеткізіліп, қазір керекті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Әзірге 9 жасар баланың жағдайы бірқалыпты.
Төтенше жағдай қас-қағым сәтте орын алған. №1 балаларға шұғыл медициналық жәрдем көрсету орталығында оқушының сол аяғы сынғаны анықталды. Ал баланың апасы қазір немересінің көңіл-күйі жақсы екенін жеткізді.
«Уақытында осында ауыстырылып, қазір бала дәрігерлердің бақылауында. Әлі 7-10 күндей осы ауруханада болады. Сол аяғы сынған. Қазір жағдайы қалыпты, есінен танған жоқ, бәрі жақсы»,- Ольга ОСКАЛЕНКО.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Ал рөлде болған полиция қызметкерлері жұмыстан шектетілді. Жақын арада көлікте орнатылған видео тіркегіштен оқиғаның мән-жайы зерттелмек.
Назкен Байтілес, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы