Кембағал жандардың құқығын таптағандар сынның астында қалды

Кембағал жандардың құқығын таптағандар сынның астында қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кемтар жандарға кедергі болмауы тиіс. Алматыдағы мүгедектер ұйымының мүшелері бірқатар нысандарға арнайы рейд жүргізіп, кембағал жандардың кіріп-шығуына жағдай жасалмағанын анықтады. Салдарынан, бірнеше мекеме басшылары сынның астында қалды.

Кембағал жандардың мүмкіндіктері шектеулі болғанымен, құқықтары тең болуы тиіс. Осы орайда  мүгедектер ұйымының төрағасы бастаған бір топ Алматыдағы медицина орталықтарының біріне ат басын тіреді. Алайда, бұл мекемеде кемтар жандарға ешбір жағдай жасалмапты. Кембағалдарға емін еркін кіріп-шығуы емес, түсірілім кезінде қарапайым есікке жолай алмайтынын да байқадық.

«Бұл медициналық мекеме кеңестік кезеңде тұрғызылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүлдем жағдай жасалмаған. Тіпті, кіру емес, есіктің түбіне жақындай алмайды. Бұл деген масқара ғой. Мүгедектер көтерілетін пандуспен сау адам жүре алмайды. Сонымен қатар, жарым-жандармен іштегі қызметкерлер ымдап болса да, сөйлесе алмайтынын өзіміз байқадық», - деді  Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектермен жұмыс бөлімінің басшысы  Лаура ӘБЖАНОВА.

Ал, бұл Алматыдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылданатын орталықтарының бірі. Сырттай барлығы тамаша болып көрінгенімен, бұл жерде де шешімі табылмай отырған мәселе көп.

«Менің түсінбей отырғаным мына жерге кіріп, ана баспалдақтардан түсу мүмкін емес. Кемінде бір адамды үш адам көтеріп түсіру керек.Ал, біздей мүгедектің жанында бір ғана көмекшісі жүреді. Оның шамасы келеді дегенге сенбеймін», - деді  Алматы қалалық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Ұлан ІҢКӘРБЕКОВ.

«Бұл жерде шешімі табылмай жатқан мәселе шаш етектен. Яғни, жуынатын орын, отыратын орындық пен қарапайым баспалдақтың өзін дұрыс жасамаған», - деді Алматы қалалық мүгедектер қоғамының мүшесі Вадим КОДЕНЦЕВ.

Осыдан бір ай бұрын Көкбазар маңынан су жаңа сауда орталығы бой көтерген еді. Үш мың шаршы метр аумақты алып жатқан нысан  заман талабына сай салынған. Алайда, мүгедек жандардың жағдайын бұл жердегі басшылық толық ойламаған сыңайлы.

«Мына су жаңа ғимаратта көзі көрмейтін мүгедектер жүріп-тұра алмайды. Арнайы олар үшін қондырғылар жоқ. Кіреберістен өту қиын. Дәретхана тарлау дегендей. Ең бастысы біздің ұсынысымызды қабыл алса болғаны», - деді  Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағаның төрағасы Әли АМАНБАЕВ.

Бүгінгі тексеріс кезінде жауаптыларға ескертулер жасалды. Олар, өз кезегінде, тез арада кемшіліктерді түзетуге уәде берді. Айта кетсек, елімізде құрылыс кезінде пандустар мен арнайы есіктерді ескеріп салмағандарға айыппұл салынады. Жеке тұлғалар 50, ал шағын және орта бизнес өкілдері 400 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді.


Новости партнеров