|
10.04.2017 | 11:03
2193

Алматылықтар Максим Арышевті ақтық сапарға шығарып салды

Алматылықтар  Максим Арышевті ақтық сапарға шығарып салды

Алматылықтар Санкт-Петербург метросындағы терактіде қаза тапқан отандасымыз Максим Арышевті ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу Президент істерін басқару ауруханасының діни рәсімдер залында өтті. Марқұммен қоштасуға оның жақындары, туыстары мен таныстары келді.

¤Шетелге арман қуып оқуға аттанып, енді міне табытпен оралған отандасымызбен қоштасуға жиналғандардың қарасы тым көп. Өрімдей жас жігітті соңғы сапарға шығарып салуға туған-туыстары, дос-жарандары, тіпті бейтаныс адамдар да жиналған. Рәсім залында ине шаншар орын болмады. Максимнің жазықсыз ажал құшқаны мұндағы барша жұрттың қабырғасын қайыстырды. 20 жасында келместің кемесіне мінген жігітті білетіндер оны арманы асқақ, мақсаты биік еді деп еске алды.

«Мектепте тек 4/5-ке оқыды, барлық шараларға қатысып жүрді. Олимпиадаларға, ғылыми конкурстарға бәріне қатысып жүрді. Өзінің ойы болған. Мектепті жақсы бітірген соң Санкт-Петербургке оқуға кеткен»,- деді «Достар» мектеп-лицейі директорының орынбасары, Серікжан БАЙГУТТИНОВ.

Максимнің өмірі 3 сәуір күні питерлік метрода қыршынынан қиылды. Сол күні Санкт-Петербург университетінің 3-ші курс студенті оқудан шығып, үйіне қайтып бара жатқан. Тағдырдың кездей соқтығымен ол вагонда жойқын жарылыс жасаған жанкештінің жанында тұрыпты. Соның кесірінен, соққы толқынын бірінші болып алған көрінеді.

«Ол қандықол лаңкестің жанында тұрып, ең бірінші болып жарылыстың соққысын өз кеудесіне алды. Егер Максим соққыны өз денесіне алмаса, құрбандардың саны бұдан да көп болар ма еді... Біздің ұлымыз Ресейге білім қуып кетіп, өлім құшып оралды. Өте ауыр»,- деді М. Арышевтың сынып жетекшісі, Наталья ЛАНОВЕНКО.

Ұстаздары Максимнің болашағынан зор үміт күтіп еді. Ол осыдан үш жыл бұрын Алматыдағы «Достар» мектеп-лицейін тек бестік бағаға бітірген. Кейін Санкт-Петербургтегі мемлекетті экономикалық университетке өз қалауымен оқуға түскен. Арманы асқақ баланың, адамгершілік қасиеті де зор еді,- деді достары.

«Енді бір  мектепте оқыдық, жақсы білгенмін мен оны. Өзі тыныш бала болған, тыныш жүрген. Бәрімен дос болған, жамандық көрген жоқпын мен»,- деді М. Арышевтың досы, Ұлан МЫРЗАБЕКОВ.¤

«Бірінші кезекте Максимнің барлық туған-туыстарына көңіл айтқым келеді. Бұл барлығымыз үшін орны толмас қайғылы қаза. Өйткені, Максим өте ақкөңіл, мейірімді жан еді. Әрдайым айналасындағы адамдарға көмектесіп жүретін»,- деді М. Арышевтың досы, Илья ХОБОД.

Ауыр қайғыдан естерін жия алмаған ата-анасы Максимді дәл суреттегідей ақжарқын, ақкөңіл күйінде еске сақтап қалуды өтінді. Терракттің құрбаны болған отандасымызды Алматыдағы орталық бейітке жерледі.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир